ДИКТОР: Жыл басынан бері облыс аумағында 1100-ден астам интернет алаяқтық дерегі тіркелді. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 15 фактіге төмендегенімен, мәселе әлі де өзекті. Уақыт өте келе интернет алаяқтарға жем болмауды үйренгендер қатарының артып келе жатқаны қуантады. Соның арқасында қылмыстың ашылу деңгейі 35 дерекке артқан. Десе де, құқық қорғау органдары тарапынан жүргізіліп жатқан жүйелі профилактикалық шараларға қарамастан, интернет алаяқтардың айласына түсіп қалып жатқандар әлі де саябырсыған жоқ.
РКС: Интернет-алаяқтарды бір сөзбен айтқанда, адам психологиясын дөп басатын айлакер деуге болады. Олар қысқа ғана әңгіме арқылы азаматтардың санасына ықпал етіп, сеніміне кіріп, түрлі сылтаумен сөзден жаңылыстырады. Көпшілік интернет алаяқтық туралы жақсы білсе де, қылмыскерлердің әдіс-тәсілдері барған сайын күрделеніп, белсенділігі артып келеді. Соның салдарынан кейбір азаматтар өз атына несие рәсімдеп, тіпті көшеде тұрған банкоматтар арқылы ақшаны өз қолымен жіберіп жатады.
СНХ: БЕКЗАТ НАЗАРОВА, ОБЛЫСТЫҚ КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ: Қазір интернет алаяқтар қолданатын тағы бір қауіпті айла кең таралып отыр. Олар тұрғындарға қоңырау шалып, «Сізге пошта арқылы сәлемдеме келді, оны алу үшін курьер барады» деп сендіреді. Артынша сәлемдемені рәсімдеу сылтауымен SMS-кодты айтуды талап етеді. Көп ұзамай 1414 нөмірінен хабарлама келеді. Мұны ЕГОВ қызметінен келген ресми код деп ойлаған азаматтар оны еш ойланбастан алаяқтарға айтады. Осы сәттен бастап қылмыскерлер жәбірленушінің жеке деректеріне жол ашады. Бұдан бөлек, алаяқтар жасанды интеллект мүмкіндіктерін де іске қосқан. Олар кез келген танымал тұлғаның бейнесін қолдан жасап, бейнеқоңырау арқылы байланысқа шығуы мүмкін. Мұндай қоңырау барысында адамның Face ID деректері сканерленіп, соның көмегімен қашықтан несие рәсімделеді. Яғни бүгінгі алаяқтар тек SMS-кодпен ғана шектелмей, заманауи технологияларды пайдаланып, азаматтарды сан соқтырып отыр.
РКС: Осындай интернет алаяқтардың құрбанына айналған қала тұрғыны да бар. Алаяқтарға сеніп қалған тұрғын қолындағы бар қаражатын қылмыскерлер көрсеткен банктің есеп шотына өз еркімен аударып жіберген. Аударылған қаражат та аз емес. 60 миллион теңгеден асады.
СНХ: ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТАРДЫҢ ҚҰРБАНЫ: Қыркүйекің 20-сы күні маған өзін медицина қызметкері ретінде таныстырған адам қоңырау шалды. Ол жас ерекшелігіме байланысты медициналық тексеруден өтуім керектігін айтты. Мен жуырда барлық талдауларды тапсырғанымды жеткіздім. Сонда ол жүйе арқылы растау үшін қазір код келетінін, сол кодты енгізу қажет екенін айтты. Мен кодты айтып бердім. Осыдан кейін ол менің талдаулардан өткенімді жүйеден көріп отырғанын мәлімдеді. Араға бір-екі сағаттай уақыт салып, маған ЕГОВ қызметінен хабарласқандарын айтып, қоңырау түсті. Олар жеке деректерімнің бұзылғанын және менімен жақын арада Ұлттық банктің қызметкері байланысатынын айтты. Көп ұзамай өзін Ұлттық банк қызметкері ретінде таныстырған Анна есімді әйел қоңырау шалды. Ол сенбі күні алаяқтар есепшоттан қаражат шеше алмайтынын айтып, әңгімені дүйсенбі күні таңертең жалғастыруды ұсынды.
РКС: Осылайша алаяқтардың арбауына түскен құрбан дүйсенбі күні де әңгімені жалғастырады. Құйтырқы әрекеттерге барған алаяқтар ақыры бар қаржысын қағып алады. Сол кезде ғана барып сан соғып қалғанын біледі. Аңқау елге арамза молда қызметін орындап жүрген интернет алаяқтар тіпті жасөспірімдерге де ауыз салуды бастады. Сондықтан, балалардың қылмыстық ортаға тартылу қаупі барын да естен шығармау керек. 16 қыркүйектен бастап бұл бағыттағы қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Қылмыстық кодексі 232-бабының 1-тармағына сәйкес, алаяқтарға банк картасы мен есепшотын пайдалануға бергендер 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қылмыскерлер көбіне Telegram арқылы «жеңіл табыс» ұсынады. Сондықтан банк картасының деректерін ешкімге бермеу керектігін балаларға түсіндіру маңызды, -дейді тәртіп сақшылары.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ