ДИКТОР: Ақмола облысында ерекше ауылдардың саны соңғы бірнеше жылда артып келеді. Ерекше дейтініміз, бұл елдімекен тұрғындары ащы судан мүлдем бас тартып, өскелең ұрпаққа үлгі көрсетіп отыр. Бурабай ауданында қаймағы бұзылмаған Қымызынай ауылында соңғы жылдары бірде-бір қылмыс болмапты. Бұл ауылда жастарды жақсылық пен ізгілікке тәрбиелеу мәселесі бірінші орында тұр. Әріптесім Лаура Дәулетбек барып қайтты.
STAND-UP: ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, ТІЛШІ: Бұл Бурабай ауданына қарасты Қымызынай ауылы. Мұндай 300-ге жуық тұрғын тұрады. Елдімекенде 2022 жылдан бері ішімдік мүлдем сатылмайды. Ауыл тұрғындары той-думанда дастарханның үстіне шырын мен тәтті сусындарды қоюды бүгінде дәстүрге айналдырып отыр.
СНХ: НҰРБЕК УӘЙІСОВ, ҚЫМЫЗЫНАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Бізде енді жастарда, үлкендеріміз де ішімдік ішіп жатқан жоқ. Ішімдікте әкелініп, сатылмайды ауылдың ішінде. Жастар бұрынғыдай емес енді. Өзімізде үлгі болып жүрміз соларға арақ ішпесін деп, темекіден де бас тартып көп жерден. Көкпар ойнап жүр жастар. Атқа еліктеп жүр. Жаз бойы баскетбол, волейбол ойнап жүреді. Енді қолымыздан келгенше ауылды көтеріп жатырмыз. Үлгі болып жүрміз жастарға.
РКС: Ауылдың берік байламы көзді сүйсендіреді. Тұрғындары адамдықтың шекарасынан аспай, өз істерін дөңгелетіп отыр. Тыныштық пен тәртіптің негізін қалаған қызымызынайлықтар жергілікті учаскелік полициямен инспекторымен досындай сырласады екен.
СНХ: АЗАМАТ ТОҚЫБАЕВ, УЧАСКЕЛІК ПОЛИЦИЯ ИНСПЕКТОРЫ: Бұл елдімекенде ешқандай қылмыс тіркелмейді. Бәрі тыныш. Адамдар қалаға той-думанға кетсе де мас күйінде келгендерін байқамадым. Себебі, ішімдікті мүлдем қолданбайды. Бұл елдемекенде жанжал немесе төбелес те орын алмайды.
РКС: Ішімдік пен темекіден бас тартқан ауылдар қатары жыл сайын артып келеді. Бұл Ақмола облысының аумағында жүзеге асып жатқан "Зиялы қауым" жобасының нәтижесі. Биыл ауылдарда қылмыс саны 25 пайыз төмендеген.
СНХ: ЕРБОЛАТ ҚҰСАЙЫНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Ауылдық елдімекендерде біз талдау өткіздік, 25 пайызға төмендеп отыр. Ал, жалпы облыс көлемінде алғанда бүгінгі таңда міне кісіні өлтіру фактілері, адамға қасақана ауыр зиян келтіру сондай ауыр-ауыр қылмыстар азайып отыр. Ол жұмыс тоқтап тұрған жоқ бүгінгі таңда. Біз халық арасында насихаттау жолмен, халықты тартып отырмыз. Ең бастысы бұл жерде елдімекенде зиялылар болғандай. Ақсақалдар болғандай, діни өкілдер болғандай. Келешекте көбейеді деп енеміз.
РКС: Ақмола облысы бойынша 32 елдімекенде ішімдік мүлдем сатылмайды. Бұл ауылдарда жыл бойы ешқандай қылмыс та тіркелмеген. Бүгінде ауыл тұрғындары той-томалақтарды да ащы сусыз өткізуді дәстүрге айналдырып, қоғамға үлгі боларлық орта қалыптастырып отыр.
ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ