ДИКТОР: Жарқайың ауданына қарасты Пятигорское ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды. Әлеуметтік маңызы зор бұл нысан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында бой көтерді.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Медициналық нысанның құрылысы былтыр басталған еді. Аз уақытта қолданысқа беріліп, іші барлық заманауи талапқа сай толық жабдықталды. Амбулатория ауыл тұрғындарына дәрігерге дейінгі, алғашқы медициналық-санитарлық және стационарды алмастыратын медициналық көмекті жедел әрі сапалы түрде көрсетуге мүмкіндік береді. Жаңа медициналық мекеме 1800-ге жуық тұрғынға қызмет көрсете алады. Денсаулық сақтау мекемесі Пятигорское ауылынан бөлек Тасөткел, Үшқарасу, Отрадное, Кенское, Костычево және Донское елді мекендерінің тұрғындарын да қабылдайды. Заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген амбулаторияда білікті үш медицина қызметкері жұмыс істейді.
СНХ: ҒАЛЫМ СЫЗДЫҚОВ, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ: Мен өзім таң қалып тұрмын. Мұндайды көрмегенмін. Бұрында біздің уақытта мұндай жерде істеген жоқпын. Сондықтан тамаша. Қазір амбулаторияға қарап тұрып, Қазақстанның қалай құлпырып жатқанын көріп отырмын. Енді медицина қызметкерлеріне бір-ақ қана айтарым. Бізде анамен бала көрсеткіші бар. Баланың, ананың шығыны болмасын. Бала мен ана өлімін жібермеңіздер. Еңбектерін алға баса берсін. Құтты болсын.
РКС: Жоба мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылып, нысан құрылысына 430 миллион теңге көлемінде қаржы бағытталды. Сонымен қатар амбулатория барлық қажетті инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтылып, электр энергиясы, ауыз су, кәріз жүйесі және байланыс желілері тартылды. Ауыл тұрғындары бұл игі бастаманың елдімекен үшін маңызы зор екенін атап өтті.
СНХ: ВАЛЕНТИНА СЕМКИНА, ПЯТИГОРСКОЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Бұл – ауыл тұрғындары үшін аса маңызды әрі қуанышты оқиға. Шалғай елдімекендерде тұратын халыққа қамқорлық танытып отырған мемлекетке шынайы алғысымызды білдіреміз. Жаңа амбулаторияның ашылуы ауылдық медицинаның дамуына зор үлес қосып, тұрғындардың денсаулығын жақсартуға, туу көрсеткішінің артуына оң ықпал етеді деп сенеміз. Сонымен қатар бұл бастама ауылдардың сақталып, одан әрі дамуына серпін беріп, елді мекендердің жабылып қалмауына мүмкіндік жасайды.
РКС: Амбулаторияның ашылуына ауылдың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері де зор қолдау білдіріп, медициналық жаңа мекеменің жұмысын жандандыруға демеушілік көмек көрсетті.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ