ДИКТОР: Ұстаз өскелең ұрпақты тәрбиелеуде маңызды роль атқарады. Оның білімі мен тәжірибесі оқушының жеке тұлға ретінде қалыптасуына әсер етеді. Сондай тұлғаның бірі Ботагөз Хасейінова. Ширек ғасыр бойы тарих пен құқықтық мәдениет негіздерін оқытып келеді. Осы уақыт аралығында шәкірттері қалалық, облыстық, тіпті республикалық деңгейде де жақсы нәтиже көрсетіп жүр.
РКС: Ботагөз Хасейінова жастайынан мұғалім болуды армандаған. Соңғы үш жыл бойы мектепте тарих кафедрасының жетекшісі болып жұмыс істеп келеді. Бұдан бөлек 9-шы сыныбының жетекшісі. Сондай-ақ «Жеті қазына» зияткерлік ойынына белсене қатысып, әдебиетті жанына серік еткен жан. Әріптестері оның жан-жақты, өз ісіне адал екенін айтады.
СНХ: ЖАНАР РАҚЫМБЕКОВА «ТАҢДАУ» МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Оқушыларымыз жыл сайын жүлделі орындарға ие болып жүрген бұл пән ең алдымен құқықтық мәдениетті қалыптастырады. Сондықтан Ботагөз Жанәбілқызы оқушыларға тек жақсы білім беріп қана қоймай, терең аналитикалық ойлау қабілеті қалыптасқан шәкірттерді тәрбиелейді. Оқушылармен және әріптес мұғалімдермен қарым-қатынасы толерантты, өзара сыйластыққа негізделген.
РКС: Ботагөз Жанәбілқызы оқушыларының білімінің нәтижесін нақты іс жүзінде көргенінен ләззат алады. Соңғы үш жылда шәкірттері құқық негіздері пәнінен республикалық олимпиадаларда жүлделі орындарды еншілеп жүр. Сабақ барысында түрлі әдіс-тәсілдерді қолданып, әр сабақты мазмұнды әрі қызықты өткізуге тырысады.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: БОТАГӨЗ ХАСЕЙІНОВА, «ТАҢДАУ» МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫ ТАРИХ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ: Қазір құқықтық кеңістікте өзекті мәселелер өте көп. Қоғамдағы азаматтардың құқықтық мәдениеті әлі де жеткілікті деңгейде қалыптаспаған. Мен құқықтық мәдениеті жоғары жаңа ұрпақты тәрбиелеу арқылы қоғамның дамуына үлкен үлес қосып жүрмін деп санаймын. Өзім ашық әрі жомарт адаммын. Педагогикалық білім мен тәжірибе мәселесіне келгенде, әрдайым өз біліміммен бөлісіп, көмектесуге дайынмын. Сонымен қатар өзім де аға әріптестерімнен, тәжірибелі ұстаздардан кеңес алып, үнемі пікір алмасып отырамын, өйткені тәжірибе алмасу – кәсіби дамудың маңызды бөлігі.
РКС: Ботагөз Жанәбілқызының үздік оқушыларының бірі Кәусар Ақылбай. Үздік аттестатқа үміткер құқық негіздері пәнін терең меңгеріп, болашақта заңгер болғысы келеді. Бұдан бөлек құқық негіздері пәнінен республикалық олимпиаданың жеңімпазы.
СНХ: КӘУСАР АҚЫЛБАЙ, «ТАҢДАУ» МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ 11 СЫНЫП ОҚУШЫСЫ: Менің ойымша, ол өз ісінің нағыз кәсіби маманы. Оның сабағы өте қызыты өтеді, анық әрі түсінікті етіп түсіндіреді. Сабақ барысында практикалық мысалдарды пайдаланып, құқықты қарапайым, қолжетімді тілмен жеткізеді. Бұл құқық негіздерін меңгеруде аса маңызды. Ботагөз Жанәбілқызы – талапшыл ұстаз. Ол әрбір оқушыға жеке тәсіл таба біледі. Біз оны түсіністігі, әділдігі және қажет кезде қатаң бола алатын қасиеті үшін бәріміз ерекше құрметтейміз.
РКС: Ботагөз Хасейінованың шәкірттері құқықтық мәдениеттің қазіргі өмірде аса маңызды екенін жақсы ұғынады. Ботагөздің еңбегін әріптестері де жоғары бағалап, оның ой-пікірі мен кәсіби кеңестеріне әрдайым құлақ асып отырады.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ