ДИКТОР: 2024 жылға арналған мүлік салығын төлеу мерзімі Қазақстанда 2025 жылдың 1 қазанында аяқталады. Бұл төлем әрбір меншік иесіне қатысты. Яғни, пәтері, үйі, саяжайы, гаражы мен жер учаскесі бар жеке тұлғаларға. Бүгінгі күні облыс бойынша шамамен 21 мың тұрғынның мүлік салығы бойынша берешегі бар. Жалпы сома – 22,5 млн теңгеден асады. Қарыз көлемі бойынша көш бастап тұрған – Қосшы мен Көкшетау қалалары, сондай-ақ Целиноград ауданы. Алдағы төлемдердің сомасы көрсетілген хабарламалар шілде айында меншік иелеріне жолданған болатын, – дейді облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары. Теріс салдарларға жол бермеу үшін азаматтарға салықтық берешекке жоламау ұсынылады. Себебі әрбір кешіктірілген күн үшін өсімпұл есептеледі. Бұл өз кезегінде салық төлеушіге қосымша шығын болады.
СНХ: АЙНҰР ЕЛІКБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ: 1 қазанда жеке тұлғалардың мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталады. Және екінші қазаннан бастап берешек туралы хабарламалар жіберіле бастайды. Егер салық төлеушіде берешек сомасы 1 айлық есептік көрсеткіштен асатын болса, онда 30 күнінен кейін мәжбүрлеп өндіріп алу туралы бұйрық шығарылатын болады. 5 жұмыс күнінен кейін материалдар жеке сот орындаушыларына жіберіледі. Өз кезегінде, төлемді екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшаларында, терминалдарында, және «E-Salyq Azamat» қосымшасы арқылы жүзеге асыратындығын еске саламыз. Есептелген салық сомасын тұрғылықты жеріңіз бойынша Мемлекеттік кірістер органдарына хабарласу арқылы білуге болады.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.