ДИКТОР: Көкшетауда жастарға бағытталған туберкулездің алдын алу акциясы ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – жастардың назарын бұл жұқпалы аурудың өзектілігіне аудару және сақтану шараларын түсіндіру.
РКС: Туберкулез – адамзат тарихындағы ең көне әрі ең қауіпті аурулардың бірі болып қала бермек. Әлемде жыл сайын шамамен бір миллион адам осы аурудан көз жұмады, тағы 10 миллионға жуық адам туберкулезге шалдығады. Қазақстанда бұл инфекциямен диспансерлердің қызметі, скринингтік тексерулер және тегін емдеу шаралары сияқты көрсеткіштерді төмендетуге бағытталған күрес жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
СНХ: ТАМИЛА ШАЯХМЕТОВА, ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАНЫҢ ФТИЗИАТРЫ: Өкінішке қарай, туберкулезбен сырқаттану жағдайлары жастар мен білім алушылар арасында әлі де кездеседі. Осыған байланысты бүгінгі акция жастардың туберкулез жөнінде жан-жақты ақпарат алуына, оның алдын алу шараларын білуіне және аурудың таралу қаупін түсінуіне бағытталды. Туберкулез – ауа-тамшылы жолмен жұғатын жұқпалы ауру. Бір науқас 10–15 адамға дейін жұқтыруы мүмкін. Аурудың басты қауіптілігі – оның тез таралуында және тек ересектерге ғана емес, балаларға да жұғуында.
РКС: Сонымен қатар, Ақмола облысында соңғы 10 жылда туберкулезбен сырқаттану деңгейі 77 процентке қысқарды. Мәселен, 2014 жылы 573 жағдай тіркелсе, былтыр бұл көрсеткіш 273-ке дейін азайды. Балалар арасында да сырқаттану деңгейі екі еседен астам төмендеді. Мамандардың айтуынша, көптеген науқастар дер кезінде дәрігерге қаралудан бас тартып, сырқатын жасырады. Бұл өз кезегінде олардың инфекция көзі болып қала беруіне әкеліп соқтырады.
СНХ: МУСЛИМ ЗАГИРОВ, ОБЛЫСТЫҚ НАРКОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІҢ БАСШЫСЫ: Біз алдымен тәуелділіктің әлеуметтік стигматизациямен және оқшауланумен тығыз байланысты екенін түсінуіміз қажет. Көптеген адамдар әртүрлі себептерге байланысты ұзақ уақыт бойы мамандарға жүгінуден қымсынады, өздерінде белгілі бір инфекциялық аурудың барын болжайды немесе күдіктенеді, бірақ, қоғам тарапынан айыпталудан қорқады. Бұл – стигматизацияның көрінісі. Соның салдарынан олар мамандарға көбіне ауру үдеп, асқынған кезде ғана жүгінеді де, инфекция көзі болып қала береді. Сондықтан емдеу тәсілі жан-жақты болуы тиіс, еш нәрседен ұялуға болмайды. Ең бастысы – біздің денсаулығымыз, өйткені адамның өз денсаулығынан қымбат ештеңе жоқ.
РКС: Шараны ұйымдастырушылар мұндай акциялар қоғамдағы теріс көзқарастарды жоюға, халықтың ақпараттануын арттыруға және жастарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға ынталандыратынын атап өтті. Ақ халаттылар тұрақты профилактикалық тексерулер мен дер кезінде дәрігерге қаралу туберкулезден қорғанудың ең тиімді жолы екенін еске салды.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЖАНДОС САЙЛАУ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ