ДИКТОР: Қазақстанда жалпы декларациялау жалғасуда. Қыркүйектің 15-нен кешіктірмей еліміздің азаматтары мен резиденттері өткен жылдың салықтық декларациясын тапсырулары қажет. Естеріңізге сала кетейік, 1-ші қаңтардан бастап науқанның алғашқы үш кезеңіне енбеген тұрғындардың санаты міндетті есеп беруден босатылды. Олар зейнеткерлер мен студенттер, жекеменшік құрылымдардың қызметкерлері, үй шаруасындағы әйелдер. Бұл ретте жалпы декларациялаудың алғашқы үш кезеңіне іліккен азаматтар қыркүйектің 15-не дейін 270-ші үлгіде табысы мен мүлкі туралы жыл сайынғы есепті беруі тиіс. Оған 20 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі бір жыл ішіндегі өзгерістер мен жаңа сатып алуларды қосуы шарт. Жүйеге алғаш кірген адам «кіріспе декларация» немесе 205 үлгіні бір рет қана тапсырады. Оның ішінде оны биыл мемлекеттік қызметке және сайланбалы лауазымға үміткерлер, сондай-ақ шетелдерде активтері немесе мүлкі бар тұлғалар да толтыруы керек. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске сәйкес бұл талаптарды орындамаған жағдайда жауапкершілік қарастырылған.

СНХ: НАЗГҮЛ АЮПОВА, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ: Бір жыл ішінде декларация тапсырмаса ескерту беріледі. Егер бір жыл ішінде ол қайталанса, 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде немесе 58 мың 980 теңге айыппұл салынады. Бұдан бөлек, декларацияда толық емес немесе сенімсіз мәліметтер ұсынылса, онда да бір жыл ішінде ескерту жасалады. Бұл ретте ондай жағдай қайталанса 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яңни 11 мың 796 теңге айыппұл төлейді. Бұдан бөлек, жеке тұлғалар Қазақстаннан тыс жерлерде жеке меншігіндегі мүлкінің бар екені туралы мәліметті жасырған жағдайда 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 393 мың 200 теңге мөлшерінде айыппұл арқалайды. Сондай-ақ салық төлеуші Қазақстаннан тысқары жерлерде орналасқан шетелдік банктердегі банктік есепшоттарындағы қаржыны жасырса да осындай жаза қарастырылған.