ДИКТОР: Жаңа салық кодексіне сәйкес, келер жылдан бастап тұрғын үйді сату немесе жалға берушілер қосымша құн салығынан босатылмайды. Бұл өзгеріс жаңа салық кодексіне сәйкес 1 қаңтардан бастап күшіне енбек. Айта кетейік, қосымша құн салығы 16 процент мөлшерінде бекітілді. Осы және өзге де өзгерістер туралы арнайы ұйымдастырылған брифингте айтылды. Тілшіміз жалғастырады.
РКС: Айта кетейік, елімізде қаңтардың 1-інен бастап жаңа салық кодексі енгізіледі. Оған сәйкес бірқатар салада өзгерістер орын алмақ. Енді құрылыс саласында тұрғын үйлерді сату және жалға беру кезінде қосымша құн салығын төлеу міндеті құрылыс компанияларына, тұрғын үйді коммерциялық мақсатта жалға беретін заңды тұлғаларға және қосымша құн салығын төлеуші ретінде тіркелген жеке кәсіпкерлерге жүктеледі. Бұған дейін тұрғын үй нарығында олар салықтан босатылған еді. Бұл шара құрылыс секторын айтарлықтай жеңілдетіп, әкімшілендіруді оңтайландырады,-дейді мамандар.
СНХ: БАУЫРЖАН ШӘЙКЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Егер тұрғын үйдің құрылысы 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін басталып, немесе осы мерзімге дейін пайдалануға қабылданса, онда ол қосымша құн салығынан босатылады. Ол тікелей құрылысшы тарапынан қолданылады. Сонымен қатар, егер тұрғын үй ғимаратын немесе оның бір бөлігін ұзақ мерзімді жалға беру келісімшарты бойынша сатып алу құқығымен жалға берілуі 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін жүзеге асырылса, мұндай жағдайда да қосымша құн салығынан босату қарастырылған.
РКС: Медицина саласында да бірқатар өзгеріс енгізілді. Бұл ретте қосымша құн салығының төмендеуін атап өткен жөн. Келер жылдан бастап медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмекке 5% салық салынады. Ал 2027 жылы бұл көрсеткіш 10%-ке көтерілмек. Сондай-ақ, бірқатар маңызды дәрі-дәрмек пен медициналық қызмет қосымша құн салығынан босатылады.
СНХ: БАУЫРЖАН ШӘЙКЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде жүзеге асырылатын сату және импорт, сондай-ақ Үкімет бекіткен тізімге сәйкес, орфандық және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуге арналған дәрілік заттар қосымша құн салығынан босатылады. Сонымен қатар, бұл бойынша ұсынылатын медициналық қызметтер де қосымша құн салығын төлемейді.
РКС: Жаңа салық кодексіндегі бұл өзгерістер біреуіне жаңа мүмкіндіктерге жол ашса, енді біріне қиындық туғызуы мүмкін. Дегенмен, бұл реформа көлеңкелі экономиканы азайтуға бағытталған. Қазір жаңа салық кодексі бойынша түсіндіру жұмыстары жалғасуда.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ДАМИР САДЫҚОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ