ДИКТОР: Елімізде соттан тыс дауларды шешудің баламалы жүйелері қалыптасып келеді. Солардың ішінде сот медиациясы мен билер кеңесі – халықты татуластырудың тиімді жолы ретінде кеңінен танылуда. Осы бағыттағы жұмыстар аясында Бурабайда «Адал азамат» жобасы шеңберінде «Билер кеңесі – соттан тыс дауларды шешу институты: соттармен өзара іс-қимыл, жаңа тәсілдер және құқықтық мәдениет» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Тілшіміз жалғастырады.
РКС: Шара барысында билер кеңесі мен сот медиациясы арасындағы өзара ықпалдастық, қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру жолдары және дауларды шешудің заманауи татуластыру тәсілдері талқыланды. Мәселен, Ақмола облысында Ардагерлер кеңесінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Дәнекер» жобасы – осы бағыттағы табысты бастаманың бірі. Жоба қазақ халқының көне билер дәстүрін жаңғырта отырып, қоғамда татулық пен тұрақтылықты сақтау мақсатында қолға алынған. Бүгінде өңірде ардагерлерден құралған 164 медиатор жұмыс істейді. Олар отбасылық, еңбек және азаматтық сипаттағы дауларды шешуге белсенді атсалысуда. Мәселен, былтыр 338 арыз келіп түскен. Оның ішінде 272 іс қаралып, 66 іс бойынша оң шешім шығарылған.
СНХ: ЕРМЕК НҰҒЫМАН, ОБЛЫСТЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Қазақ халқы бір ауыз сөзбен талай дауды шешкен халық. Бүгінгі билер кеңесі сотқа дейінгі талай дау-дамайларды шешуде ролі зор. Көбісі айтуы мүмкін, олардың қолында не бар, қандай билік бар деп, «Медиация туралы» Заң бар, сол Заңның негізінде сотқа дейінгі дау-дамайларды шешуге болады. Соттың жанындағы билер кеңесі құрылып жатыр, одан қалды «Билер алқасы» деген қоғамдық бірлестік бар, «Дәнекер» деген үлкен бағдарлама бар оның аясында көптеген дау-дамайлар шешіліп жатыр.
РКС: Бұған қоса, жиын барысында тұрмыстық, отбасылық, жер дауларын шешу тәжірибесі, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен полимәдени қоғамдағы үйлесімділік мәселелері де қарастырылды.
СНХ: ТӨЛЕБЕК ЖҰМАБАЕВ, БУРАБАЙ АУДАНДЫҚ «БИЛЕР АЛҚАСЫ» БІРЛЕСТІГІНІҢ БАС КЕҢЕСШІСІ: Негізінде Билер алқасы екінші Конституциямыз деп айтуға болады. «Азаматтық кодекстің» 8-ші, 9-шы баптарында негізінде егерде шым-шытырқы, өмірлік қарым-қатынастар Заңға келмей тұрған уақытта біз әдет-ғұрыпқа, дәстүрімізге сілтеме жасауымызға болады.
РКС: Шара соңында билер кеңесінің рөлін күшейту, құқықтық сауаттылықты арттыру мәселелері бойынша ұсыныстар айтылды. Бұдан соң өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ