ДИКТОР: Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастық тек экономикада ғана емес, білім саласында да қарқынды дамып келеді. Мәселен, Көкшетауда Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің бастамасымен педагогтардың біліктілігін арттыруға бағытталған халықаралық семинар өтті. Тамыздың 18-і мен 23-і аралығында өткен бұл шараға 120 ұстаз қатысты.

РКС: «Интеграциялық оқу және оқыту үлгілеріне кіріспе» тақырыбында өткен семинар №3 Мәлік Ғабдуллин атындағы мектеп-гимназиясының базасында ұйымдастырылды. Мұғалімдер бір апта бойы теориялық дәрістермен қатар, практикалық сабақтарға қатысып, заманауи әдістемелерді меңгерді. Сондай-ақ, педагогтер өздерінің тың жобаларын ұсынып, білім саласындағы білікті мамандардан кәсіби кеңес алды.

СНХ: АЙБЕК ӘЛІПҰЛЫ, М.ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ №3 КӨПСАЛАЛЫ МЕКТЕП-ГИМЗАНИЯСЫНЫҢ МҰҒАЛІМІ: Түрік елінен бізге сабақты қалай дұрыс ұйымдастыру керек екендігін, қалай жоба жасау керектігін, оның тиімді жолдары, біздің қаламыздағы проблемаларды шешу бойынша әртүрлі идеяларды ұсынып, бізге көрсетіп үйретті. Мысалы, Көкшетау қаласындағы ең маңызды проблемалар ол – экология проблемасы. Қоқысты қалай сұрыптауға болады, қалай оны өңдеу секілді проблемалар бар. Және су мәселесі, суды фильтрлеу жүйесі, Қопа көлінің тазалығына қатысты жаңа идеяларды біз жасап көрдік.

СНХ: ТЕМІРЛАН ЖАНӘДІЛОВ, №5 «ТАҢДАУ» КӨПСАЛАЛЫ ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ МҰҒАЛІМІ: Біздің мемлекет басшысы айтып өткендей тамыз конференциясында жасанды интеллектке Қазақстанда көптеген жаңашылдықтар енгізу керек. Бұл жерде Түрік қауымдастығының арқасында жасанды интеллектіден біздің Қазақстанға жаңа инновациялық идеялар келіп жатыр. Осыны үйрену арқылы біз мұғалімдер ертең оқушыларға таратып, Қазақстанның болашағында керемет, жақсы жобалар жасаймыз деген үміттеміз.

РКС: Білім беру саясатын тиімді жүзеге асыру үшін оқу бағдарламасына жаңа технологиялар, ғылыми инновациялар және математикалық үлгілеуді дамытуға бағытталған STEM-элементтерін енгізу маңызды. Бұл бағыттағы жаңа әдістер оқушылардың зерттеу жүргізу қабілетін, ғылыми-технологиялық әлеуетін арттыруға, сондай-ақ шығармашылық ойлау, мәселелерді шешу, тиімді коммуникация мен топтық жұмыс дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.

СНХ: ФУАТ ЕРДОҒМУШ, ТҮРІК ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖӘНЕ ҮЙЛЕСТІРУ АГЕНТТІГІНІҢ (TİKA) ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ӨКІЛІ: Бұл бағдарлама қазақстандық мұғалімдердің кәсіби әлеуетін арттыруды және олардың алған білімдерін өз шәкірттеріне тиімді жеткізуін мақсат етеді. Алдағы уақытта денсаулық сақтау, құқық, статистика, музей ісі, ауыл шаруашылығы және мал шаруашылығы салаларында да еліміздің тәжірибесін Қазақстанға жеткізетін оқыту бағдарламаларын жалғастырамыз. Атаулы оқу бағдарламасы аясында мұғалімдер теориялық білімге сүйене тәжірибе жүзінде өз мүмкіндіктерін шыңдады. Ұстаздардың жасаған жұмыстарын көрдік, өте керемет көрсеткіш. Түркиядан келген мамандарымыз қатысушылардың жұмысын жоғары бағалады.

РКС: Оқыту курсының қорытындысы бойынша қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Айта кетейік, жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған қатысқан стратегиялық ынтымақтастық кеңесте ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект және білім беру саласындағы әріптестікті нығайту мәселелері талқыланды. Осы ретте Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ