ДИКТОР: Көкшетауда «Огни Кокшетау» жартылай түнгі марафоны ұйымдастырылды. Екінші рет өткен шара еліміздің әр өңірінен мыңдаған әуесқой спортшының басын қосты. Бір өкініштісі, көпшілік асыға күткен спорттық додада қайғылы жағдай орын алды.

РКС: Түнгі жарысқа бір мыңнан астам әуесқой марафоншы шықты. Ұйымдастырушылар бұрын-соңды мұндай қатысушының болмағанын айтты. Бірі 5 шақырымды бағындырса, ең шыдамдылары 21 шақырымдық қашықтықты еңсеруге ниеттенді. Қатысушылар өз шамасына қарай 5, 10 және 21 шақырымдық қашықтықты таңдады. Желаяқтардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге 60 волонтер, 30 төреші және 20-ға жуық медицина қызметкері атсалысты. Ал ұзақ қашықтыққа шыққандар үшін жол бойында арнайы екі тамақтану бекеті жұмыс істеп тұрды.

СНХ: МАКСИМ ШМУЛИЧ, МАРАФОНҒА ҚАТЫСУШЫ: Жыл өткен сайын ұйымдастыру мен безендіру деңгейі жоғарылап келеді. Бұл өте қуанышты жағдай. Мен жоғары спорт шеберлігі мектебінде триатлонмен айналысамын. Бүгін біз уақытқа жүгірдік. Керемет әсер алдым.

РКС: Өз күшін сынап, ерекше жарыстың ахуалын сезінуге Ақмола өңірінен тыс аймақтардан да спортсүйер қауым арнайы келіпті.

СНХ: ФЕДОР ЛАЗАРЕВ, МАРАФОНҒА ҚАТЫСУШЫ (БАЛҚАШ ҚАЛАСЫ): Мен Қарағанды облысы, Балқаш қаласынан арнайыосы турнирге қатысуға келдім. Келгеніме еш өкінбеймін. Әуесқой деңгейде жүгіріп жүргеніме 2–3 жыл болды. Қаламызда жүгіру клубы бар, тұрақты түрде жаттығамыз. Бұл жолы Балқаштан төртеу келдік. Қыздарымыз 10, мен серігіммен бірге 21 шақырымды бағындыруға бел будым.

РКС: Жаңа жағалау түрлі ауқымды шараларды өткізуге қолайлы әрі көрікті алаңға айналып отыр. Өкінішке орай, көпшілік асыға күткен спорттық мереке қайғылы жағдаймен аяқталды. 5 шақырымдық қашықтықты жүгіріп өткеннен кейін 35 жастағы әйел кенеттен өзін жайсыз сезінген. Дәрігерлерлер дер кезінде көмек көрсетіп, бар күшін салғанымен, науқасты аман алып қалу мүмкін болмады. Қатысушы есін жимастан ауруханада көз жұмды. Деректерге сүйенсек, қатысушы физикалық тұрғыдан жақсы қалыпта болған және денсаулығына қатысты бұрын ешқандай шағым айтпаған. Қазір өлімнің нақты себебі анықталуда.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЖАНДОС САЙЛАУ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АКПАРАТ