ДИКТОР: Еліміз бойынша 125 вокзалға ауқымды жаңарту жүргізілуде. Соның ішінде Ақмола облысының 16 теміржол нысаны қамтылған. Қалаға келген қонақ ең алдымен назар аударатын ғимарат – теміржол вокзалы екені сөзсіз. Жуырда Көкшетау вокзалы адам танымастай өзгереді. Қалған 15-і аудан орталықтарында орналасқан. Теміржол вокзалының бүгінгі жай-күйі мен алдағы өзгерістері туралы әріптесім Сәния Есімсейітова баяндайды.
РКС: Тоғыз жолдың торабында орналасқан Көкшетау теміржол вокзалы 1981 жылы қолданысқа берілген. Соңғы рет ғимарат 2003 жылы күрделі жөнделген. Араға 22 жыл салып, қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Қазір жөндеудің негізгі кезеңдері аяқталып, шатыры жабылды. Терезелері орнатылуда. Салқын түспей сыртқы жұмыстар толық аяқталып, одан кейін ішкі әрлеу жұмыстары басталмақ. Нысан жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
СНХ: ВЛАДИМИР КУЛАКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Ақмола облысы бойынша 16 теміржол вокзалы жаңғыртылмақ. Еліміз бойынша вокзал саны ең көп. Екі мердігер ұйым анықталды. Қазір демонтаждау аяқталып, ішкі әрлеу, шатырды жөндеу, инженерлік желілерді тарту жұмыстары басталды.
РКС: Қайта жаңартылған вокзал заманауи күту залдарымен, демалыс бөлмелерімен және қосымша сервистермен жабдықталады. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы және кедергісіз орта қалыптастырылмақ.
СНХ: РОЗА АРЫСТАНҚЫЗЫ, КӨКШЕТАУ ТЕМІРЖОЛ ВОКЗАЛЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: Жөндеу жұмыстары екі кезеңде жүргізіліп жатыр. Алғашқысында вокзал мен оның аумағы толық жөнделеді. Ал екінші кезеңде эскалаторлар мен лифтілер орнатылады. Бұған дейін мүмкіндігі шектеулі жандар пандус арқылы көтерілсе, енді олар лифтті пайдалана алады. Сондай-ақ айта кететін жәйт, бұрын барлық сауда нүктелері бірінші қабатта болатын, енді бизнеске арнайы екінші қабат қарастырылады. Ал бірінші қабатта тек қызметтік бөлмелер болады.
РКС: Айта кетейік, құрылыс-жөндеу жұмыстары аяқталғанша вокзал уақытша басқа нысанға ауыстырылған. Вокзалға келушілерге бағыт беретін сыртқы нұсқау белгілері де орнатылған. Мамандар бұрынғыдай қызмет көрсетеді, билет кассалары тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Мұнда жолаушылар үшін күту залдары мен басқа да қызметтер қарастырылған.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ