ДИКТОР: Қазақстанда жыл сайын мыңдаған науқас ағзасын ауыстыруға мұқтаж. Бірақ, донор тапшылығы еліміздегі трансплантология мүмкіндігін шектеп отыр. Соның салдарынан ұзын-сонар кезек түзіліп, адамдар жылдар бойы үмітпен күтуге мәжбүр. Дертке шалдыққандардың көпшілігі өмірін аман алып қалар сәтке жете алмай жатады. Облыс бойынша бүйрек ауыстыруды күтіп отырған 152 науқас бар, олардың үшеуі – бала. Бауыр трансплантациясына алты адам зәру. Жүрекке мұқтаж жандардың саны да осынша. Десе де, әлеуетті донорлардың барына қарамастан, биыл науқастардың туыстары бас тартқан. Бұл көп ретте дәрігерлердің адам жанына араша болу мүмкіндігін шектеуде. Айта кетейік, Қазақстанда қайтыс болғаннан кейін ағза донорлығына қатысты «келісім берілген деп есептеу» жүйесі бар. Яғни, адам тірі кезінде бас тартпаған болса, ол келісім берген болып саналады. Бірақ, жазбаша келісім болмаған жағдайда, трансплантация тек жақын туыстарының рұқсатымен ғана жүзеге асырылады.

СНХ: ЛӘЗЗАТ ӘШІМОВА, ТРАНСПЛАНТОЛОГИЯ ЖӨНІНДЕГІ ОБЛЫСТЫҢ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ: Қазір трансплантология Қазақстанда да, шет елдерде де жақсы даму үстінде. Дегенмен, донор мәселесі қиындық туғызуда. Өткен жылы 82 әлеуетті донор тіркелсе, соның 10-ы нақты келісімін берді. Соның нәтижесінде 5 адамның жүрегі, 6 адамның бауыры, 24 адамның бүйрегі ауыстырылды. Былтыр нақты 2 донордан мультиағза алынды. Сол кезде 2 адамға жүрек, өкпе, бауыр және 4 адамға бүйрек ауыстырылып, барлығы сәтті трансплантацияланды. Қажетті ағзаны күткен науқастар трансплантацияға рұқсат бергендерге шексіз алғысын білдіруде.