ДИКТОР: Көкшетауда бірқатар маңызды әлеуметтік нысанның құрылысы жүріп жатыр. Мәселен, шаһарда 630 төсек-орындық жаңа, заманауи көпсалалы аурухана салынып жатыр. Бұл аурухана алдағы уақытта тек өңір тұрғындарына ғана емес, сондай-ақ, көрші аймақтардың халқына да жоғары сапалы медициналық қызмет көрсетпек. Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Марат Ахметжанов осы және өзге де әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысты. Тілшіміз жалғастырады.
РКС: Сарыарқа шағын ауданында салынып жатқан көпсалалы жаңа аурухананың аумағы 111 мың шаршы метр. Жоба құны 331 млрд теңге. Алдағы уақытта аурухана тек Көкшетау тұрғындарына ғана емес, көрші аймақтарға да жоғары сапалы медициналық қызмет көрсетпек. Мұнда 63 күндізгі стационар, 38 оңалту палатасы, 23 операциялық зал қарастырылған. Сондай-ақ, заманауи жабдықтармен жарақтандырылмақ. Қазір жергілікті мамандар жаңа жабдықты меңгеру үшін шетелде арнайы даярлықтан өтуде. Айта кетейік, жоба аясында 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: 630 төсек-орындық аурухана - өте үлкен потенциалға ие. Бұл мекеме Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарының тұрғындары үшін қызмет көрсетеді. Тіпті, Астана қаласының тұрғындарына да қабылдайды. Жалпы, барлық солтүстік аймақтар осы жерде медициналық қызмет алады.
СНХ: БАҒДАТ ӘБІЛЕВ, МЕРДІГЕР ҰЙЫМНЫҢ ӨКІЛІ: Қазір үшінші ғимаратқа шығып жатырмыз, фундамент жұмыстары бітті, гидрореализация жұмыстары бітіп жатыр. Астынғы жақтағы канализация және механикалық жұмыстар бітіп жатыр. 18-ге жақын жұмысшы, жергілікті халықтар жұмыс істеуде. Қазір кестенің алдында келе жатырмыз, 2027 жылы 1 мамыр мемлекетке тапсырамыз. Ренессанс компаниясы өте үлкен компания болып саналады. Дүние жүзі бойынша 9-шы орында. Компания өз күшімен алаңдағы 2000 кісілік жатақхана бар, үлкен асханамыз, медпунктымыз, спорт залымыз бар.
РКС: Бұдан соң аймақ басшысы Марат Ахметжанов көпфункционалды спорт кешенінің құрылыс барысымен танысты. Былтыр басталған бұл кешеннің құрылысы бүгінде жоспарға сәйкес жалғасып жатыр. Мердігер ұйым өкілдері нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп уәде етті. Жаңа спорт кешенінде волейбол, бокс, футбол, баскетбол, жеңіл және ауыр атлетика, үстел теннисі, күрес сияқты спорт түрлеріне арналған залдар қарастырылған. Аймақ басшысы бұл кешен қала тұрғындары мен спортшылар үшін маңызды орталық болып, өңірдің спорттық әлеуетін арттыруға айтарлықтай серпін беретінін атап өтті.
СНХ: МЕДЕТ БІРІМБАЙ, ЖОБА ЖЕТЕКШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Қазіргі таңда бізде каркас, сырқы абаттандыру жұмыстары, ішкі отделка жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі таңда біздің нысанда 200-ге жуық адам жұмыс жасап жатыр. Нысан 11700 квадрат. Осы жылдың аяғына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз.
РКС: Сондай-ақ, жақын арада қаладағы маңызды жобаның бірі - «Көк шалғын» саябағы мен «Көкшетау молл» жаңа сауда орталығының құрылысы аяқталады. Аймақ басшысы жауапты сала мамандарына қолға алынған жобаларды уақытылы әрі сапалы аяқтауды міндеттеді.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ