ДИКТОР: Облыста бір тәулік ішінде таксистер 300-ден астам жол ережесін бұзған. «Тасымалдаушы» жедел алдын алу шарасы аясында полиция қызметкерлері заңсыз 16 такси жүргізушісін ұстады. Оның 39-да жүргізуші куәлігі болмаған, үшеуі көлікті мас күйінде тізгіндеген.

РКС: Рейдтердің басты мақсаты - жеке тұлғалардың жолаушылар мен жүктерді заңсыз тасымалдауын анықтап, олардың алдын алу. Полиция қызметкерлері көліктің техникалық жағдайын, жүргізушілердің құжаттарын және заң талаптарының сақталуын бақылауда ұстайды.

СНХ: БЕРІК КУПАЙЗОВ, ПАТРУЛЬДІК ПОЛИЦИЯ БАТАЛЬОНЫ ҚЫЗМЕТІНІҢ ИНСПЕКТОРЫ: Ең алдымен, заңсыз тасымалдаушы деп отырғанымыз, олар - еш жерде ресми тіркелмеген және жол-көлік оқиғасы болған жағдайда жолаушылары үшін жауапкершілік алмайтын жеке тұлғалар. Медициналық жағдайы да алаңдатады. Рейске дейін немесе рейс кезінде ішімдік ішіп алуы, мас күйінде көлік жүргізуі мүмкін. Сонымен қатар, олар ұзақ уақыт, үзіліссіз сегіз сағаттан астам жұмыс істеп, шаршаңқы күйде жолға шығады. Бұл жағдай жолдағы қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіреді.

РКС: Өңірде жол-көлік оқиғаларының көбеюіне байланысты жолаушылар тасымалына бақылау күшейтілді. Биыл жол-көлік оқиғаларының саны 500-ден асты,- дейді жауапты мамандар.

СНХ: УӘЛИХАН ЖҮНІСПЕКОВ, ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Облыс аумағында биыл 520 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның салдарынан 42 адам қаза тауып, 843 адам зардап шекті. Оның ішінде балалар да бар. Заңсыз жолаушылар мен жүк тасымалдаушылардың кесірінен 4 жол-көлік оқиғасы орын алып, 2 адамның өмірі қиылып, 5 адам жарақат алды.

РКС: Құқық қорғау органдары көлікті құжатсыз және лицензиясыз басқару жолаушылардың өміріне қауіп төндіретінін ерекше атап өтті. «Тасымалдаушы» жедел алдын алу шарасы әлі де жалғасуда.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ДАМИР САДЫҚОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ