ДИКТОР: Көкшетауда бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. 20-ға жуық жұмыс беруші өз кәсіпорны туралы ақпарат беріп, сұранысқа ие мамандардың тізімін ұсынды. Жәрмеңкес Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жыл басынан бері бірнеше мәрте өткізіліп отыр. Бұл шара жұмыс берушіге де, екі қолға бір күрек іздеп жүргендер үшін де ең тиімді алаң.

РКС: Қалалық жұмыспен қамту орталығы таңертеңнен бері абыр-сабыр. Жүздеген жұмыс іздеуші жәрмеңкеге келіп, вакансиялар туралы біліп жатыр. Тікелей жұмыс берушілермен жүздесіп, жұмысқа орналасуға қатысты ақпарат алуда. Жәрмеңкесі Көкшетау қалалық мансап орталығы ұйымдастырды.

СНХ: НҰРГҮЛ ҒАБДУЛЛИНА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ МАНСАП ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Жұмыссыздар үшін бұл таптырмас алаң дер едім. Қазір 1800 адам жұмыссыз ретінде есепте тұр. Вакансия өте көп. Жұмыс берушілер де көп келді. Жұмысқа орналасуға мүмкіндік бар.

РКС: Жәрмеңкеге тамақ өнеркәсібінен бастап құрылыс кәсіпорындарының өкілдері қатысты. Аймақтағы ірі өндіріс ошағы мамандарға зәру. Тұрақты жұмыспен қамтуды ұсынып отыр.

СНХ: АЖАР СМАҒҰЛОВА, «КӨКШЕТАУ ЖЫЛУ» МЕМЛЕКЕТТІК КОММУНАЛДЫҚ КӘСІПОРНЫНЫҢ ӨКІЛІ: Мұндай жәрмеңкелерден қалмауға тырысамыз. Өйткені біз сияқты жұмыс берушілер үшін өте пайдалы. Біздің кәсіпорынға 60 жұмысшы керек.

РКС: Көкшетаудағы азаматтық қорғаныс көпсалалы колледжі негізінен төтенше жағдай қызметінің мамандарын даярлайды. Оқу орны студенттерге жаңа жатақхана салған. Жаңа оқу жылында пайдалануға берілмек. Қазір сол ғимаратқа жұмысшылар іздеп жатыр. Жәрмеңкеге келген колледждің өкілі бірнеше сала бойынша жұмыс орнын ұсынуға келіпті.

СНХ: АЙМАН БАЯЗИТОВА, АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС ЖОҒАРЫ КӨПСАЛАЛЫ КОЛЛЕДЖІ КАДР БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ: Назарбаев көшесі бойынша жаңадан салынған жатақханаға тәрбиешілер,еден жуушылар,күзетшілер қажет. Жалпы колледж бойынша педагогика және бастауыш білім берудің әдістемесі, дене тәрбиесі мұғалімі және төтенше жағдайлар қауіпсіздігі саласы бойынша оқытушылар қажет. Бүгін бос жұмыс орын жәрмеңкесіне келіп отырмыз және үміткерлерді күтудеміз.

РКС: Жәрмеңкені ұйымдастырушылар жұмысшы мамандықтарына сұраныстың артып отырғанын айтады. Жұмысшы мамандықтар жылында осы сала мамандарына назар да ерекше. Өйткені, олар өңірдің өндірістік әлеуетінің дамуына зор үлес қосатын мамандар.

АЯЖАН ӘЛКЕНОВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ