ДИКТОР: Аймақта жыл басынан бері 23 есірткі жасырушы ұсталды. Көкшетауда есірткі заттарын таратып, жеңіл табыс тапқысы келген 3 әйел сотталды. Олардың бәрі наркокурьер қызметін көрсеткен.
РКС: Әйелдердің барлығы интернет арқылы нұсқау алып отырған. Олардың біреуін марихуана мен оны орауға арналған құралдарымен бірге ұсталса, екіншісінен ірі көлемде психотроптық заттар табылды. Ал үшіншісінен 40 бумадан астам синтетикалық зат тәркіленді. Олардың әрқайсысы 4,5-нан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
СНХ: ДУМАН САБЫРЖАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: Бізге жедел ақпарат келіп түседі. Одан соң біз оны мұқият тексереміз. Олардың қылмыстық әрекеті толық құжатпен рәсімделеді. Барлық қажетті дәлел жиналған соң, есірткі жасырушыларды ұстауға қатысты шара қолданамыз. Үшеудің біреуі Көкшетаудан, екіншісі Ақтөбеден келген. Үшіншісі — Астанадан. Олар өздерінің қылмысын құқық қорғау органы байқамайды деп ойлайды. Сөйтіп, осы жаққа келіп жұмыстарын жалғастырады.
РКС: Негізінен есірткі жасырушылар көбіне әлеуметтік желілер мен мобильді қосымшалар арқылы тартылады. Мұндай қылмыстардың жолын кесу үшін полиция күмән тудыратын интернет-ресурстарды бақылап, бұғаттап отырады. Жыл басынан бері 800-ге тарта күмәнді сайт бұғатталды. Бірақ, есірткі таратумен айналысатын жоғарыдағылары, яғни «кураторларды» құрықтау әзірге мүмкін болмай отыр.
СНХ: ДУМАН САБЫРЖАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: Оларды анықтау өте қиын. Өйткені олардың IP-адрестері толық жасырылған. Олар VPN арқылы әрекет етеді. Сондықтан кураторларды анықтау мүмкін емес. Десе де біз өзіміздің бағдарламаларымыз арқылы күнделікті бұл мәселе бойынша жұмыс жүргізіп келеміз. Былтыр осындай үш интернет-дүкенді анықтап, 11 адамды құрықтадық.
РКС: Айта кетейік, Қазақстанда есірткінің заңсыз айналымын ұйымдастырғандарға 15 жылға дейін, ал жекелеген жағдайларда өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Заңнамада мұндай қылмыс үшін жеңіл жаза жоқ. Құқық қорғау органдары есірткі таратқандар үшін бір ғана жол бар – ол темір тор екенін ескертеді.
БЕЙБАРЫС ШАЛАБАЕВ, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ