ДИКТОР: «Ауыл аманаты» бағдарламасы елімізде ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Бұл жоба өңір халқының тұрмысын жақсартуға елеулі серпін беріп отыр. Мәселен, былтыр аталған бағдарлама аясында 1 млрд 848 млн теңгенің 217 жобасы қаржыландырылды. Бағдарлама облыстың 20 ауданын қамтып, жаңадан 10 кооператив құрылды. 300-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды.
РКС: Өңірде бағдарламаның игілігін көріп, өз кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтар аз емес. Аграрлық бағыттағы аймақта әсіресе мал шаруашылығына деген сұраныс жоғары. Ауыл тұрғындары мал бордақылау, сүт өнімдерін өндіру сынды бағыттарды қолға алып, шағын кәсіпкерлікті дамытуда. Солардың бірі - Қайрат Есмағамбетов. Ол былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 31 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, бүгінде өз кәсібін табысты жүргізіп келеді. Бағдарламаның тиімді шарттарының арқасында Қайрат мал шаруашылығын дамытып, тұрақты табыс көзін қалыптастырған. Алдағы уақытта кәсібін одан әрі кеңейтіп, өндіріс ауқымын ұлғайтуды көздеп отыр.
СНХ: ҚАЙРАТ ЕСМАҒАМБЕТОВ, ЗЕРЕНДІ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Мемлекеттік қолдаумен «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 2,5 пайызбен 31 млн 460 мың несие алдым. Қара мал ет бағдарламасымен. Бұл ауыл тұрғындары үшін мал шаруашылығын дамытуға үлкен мүмкіндік. Алдағы уақытта өз кәсібімді кеңейтіп, мал басын көбейтуді жоспарлап отырмын.
РКС: «Ауыл аманаты» бағдарламасы - ауыл тұрғындарына өз кәсібін дамытуға берілген үлкен мүмкіндік. Аталған жоба аясында азаматтар жеке ісін бастап, кооператив құрамында жұмыс істеу үшін жеңілдетілген несие рәсімдей алады. Бағдарлама шарттары да қарапайым әрі қолжетімді. Пайыздық мөлшерлемесі төмен, ал негізгі қарыз бен сыйақыны өтеу мерзімі 5 жылдан 7 жылға дейін. Бұл - ауылдағы ағайынның табысын арттырып, өз кәсібін сенімді түрде жүргізуіне зор мүмкіндік береді.
СНХ: АРУЖАН ҚАЙЫРБЕК, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: Бүгінгі күнде желтоқсан айында 2024 жылдың 1 млрд 848 млн қаражат бөлінді. Осы қаражат қазіргі кезде 100 пайызға игерілді. Жалпы 308 микрокредитке қарастырылған. Оның ішінде жаңағы аталған сумма 326 жаңа жұмыс орнын құруға көзделген болатын. Жалпы «Ауыл аманаты» бағдарламасына сенім білдірген агент арқылы 2 млрд 676 млн көлемінде осы микрокредиттерге өтінімдер қабылданды. Осы сомманың ішінде мал шаруашылығына 921 млн көлемінде 307 микрокредиттің ішінде 101 кредит мақұлданды.
РКС: Жалпы ауылдық елді мекендердің тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған игі жобаға қатысуға ниетті тұрғындардың қатары жыл санап артып келеді. Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасына 2,5 млрд теңге көлемінде қаржы бөлініп отыр. Бағдарлама аясында 400-ден астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ