ДИКТОР: «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Зеренді аудандық филиалында екінші жыл қатарынан жедел басқару орталығы жұмыс істеп тұр. Жоғары технологиялық жабдықтар мен шолу бейнебақылау камераларының көмегімен өрт жағдайлары уақытылы анықталып, жедел әрекет ету мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.

РКС: «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Зеренді аудандық филиалына қарасты үш орманшылықтың әрқайсысында өртті ерте анықтауға арналған бейнебақылау камералары орнатылған. Аталған құрылғылар жер бедерінің ең биік нүктелеріне орналастырылып, тәулік бойы үздіксіз режимде жұмыс істейді.

СНХ: КҮШПАЙ БҰҚАНОВ, «КӨКШЕТАУ» МЕМЛЕКЕТТІК ҰЛТТЫҚ ТАБИҒИ ПАРКІ ЗЕРЕНДІ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Біздің филиалда үш орманшылық бар. Әрқайсысының аумағы - 12 мың гектардан асады. Бұл - ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Жаз мезгілінде, өрт қаупі жоғары кезеңде, орман алқаптарын өрттен қорғауға бағытталған барлық қажетті шараларды жүргіземіз. Соның ішінде минералдық жолақтарды күтіп-ұстау жұмыстары бар. Өрт қаупі жоғары учаскелерде арнайы жыртылған топырақ жолақтары төселіп, өрттің таралуына тосқауыл қойылады.

РКС: Түтін пайда болған сәтте-ақ жүйе дереу дабыл сигналын береді. Сол мезетте орталық операторы ақпаратты жауапты қызметтерге жедел жібереді. Өрттің шыққаны расталған жағдайда оқиға орнына алдымен құтқару тобы шығып, қажетті шараларды жүргізіледі.

СНХ: ВЕРА БУЙЧУК, ЖЕДЕЛ БАСҚАРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ОПЕРАТОРЫ: Егер түтін байқалса, алдымен оның қай жерде тіркелгенін анықтаймыз. Содан кейін нақты жағдайды анықтау үшін сол аумаққа инспектор немесе орманшы жіберіледі. Себебі ол жай ғана шаң болуы да мүмкін, не болмаса шынымен де тұтанып жатуы ықтимал. Егер өрттің шыққаны расталса, бұл туралы орман өртімен күрес станциясының бастығына хабарлаймыз. Оқиға орнына өрт сөндіру көлігі мен шағын кешен жіберіледі. Бұдан соң Төтенше жағдайлар министрлігіне өрттің расталғаны туралы ақпарат беріледі.

РКС: Зеренді филиалының жедел басқару орталығында бес оператор тәулік бойы кезекшілік етеді. Олар әр 12 сағат сайын ауысып отырады. Операторлардың негізгі міндеті - өрт қаупінің туындау мүмкіндігін уақытылы анықтап, тиісті қызметтердің шұғыл әрекет етуін қамтамасыз ету.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ