ДИКТОР: Ұлттық қауіпсіздікті нығайту және азаматтардың Отанды қорғауға дайындық деңгейін арттыру - мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі. Осыған орай Ақмола облысында аумақтық қорғаныс резервіндегі әскери міндетті азаматтардың қатысуымен арнайы тактикалық оқу-жаттығулар өтіп жатыр. 99265 әскери бөлімінің 182 жауынгері оқу-жаттығу алаңдарында әскери қимылдарға барынша жақын жағдайларда тактикалық шеберліктерін шыңдауда.
РКС: Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің барлық өңірінде, соның ішінде Көкшетауда аумақтық қорғаныс бригадалары құрылды. Оның негізгі міндеті - халықты, стратегиялық маңызды нысандарды ықтимал диверсиялық және террористік әрекеттерден қорғау, сондай-ақ төтенше немесе әскери жағдай режимін қамтамасыз етуге қатысу. Жеке құрамның жауынгерлік дайындығы мен практикалық машығын арттыру мақсатында жыл сайын облыстың түрлі өңірінде арнайы тактикалық оқу-жаттығулар өткізіледі.
СНХ: ЕРБОЛ ЖАНБЕКОВ, 99265 ӘСКЕРИ БӨЛІМІ КОМАНДИРІНІҢ ЖАУЫНГЕРЛІК ДАЙЫНДЫҚ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ: Облыс әкімінің қаулысына сәйкес, 16 -25 шілде аралығында Көкшетау қаласы мен Зеренді ауданының әскери міндетті азаматтарының қатысуымен арнайы тактикалық оқу-жаттығулар өткізілуде. Оқу-жаттығу барысында аумақтық қорғаныс бригадасын жоғары жауынгерлік дайындық деңгейіне келтіру, бөлімшелердің үйлесімді іс-қимылдарын пысықтау, атыс қаруынан тәжірибелік атыс жүргізу, сондай-ақ стратегиялық маңызы бар нысандарды күзету және қорғау бойынша міндеттер пысықталуда.
РКС: Жаттығулар шынайы ұрыстық жағдайларға барынша жақын ортада өтуде. Қатысушылар шатырларда тұрып, әскери қызметтің күн тәртібі бойынша әрекет етуде. Далалық материалдық-техникалық қамтамасыз ету пунктінде тамақтандыру ұйымдастырылған. Оқу-жаттығу бағдарламасына стратегиялық нысандарды қорғау кезіндегі іс-қимылдарды пысықтау, патруль ұйымдастыру, тактикалық медицина, байланыс және атыс даярлығы кіреді.
Жаттығуларға аумақтық қорғаныс резерві аясында шақырылған әскери міндетті азаматтар қатысуда. Олардың көпшілігі - азаматтық сала мамандары: мемлекеттік қызметшілер, мұғалімдер, инженерлер мен электриктер.
СНХ: НҰРЛАН ҚАДЫРЖАНОВ, ӘСКЕРИ МІНДЕТТІ АЗАМАТ: Осы полигонға мені шақырған. Гражданкада АО «KEGOK»-та жұмыс істегенмін. Лауазымым – электрослесарь, IV разряд. Осы полигонға шақырғанына өте қуаныштымын. Осында әр түрлі тактикаларға үйренудеміз. РХБЗ, рукопашный бой. Қазақстан сарбаздарына айтатыным; «Полигонға барып, әскерге барып, әскери борышымызды өтеп,кез-келген төтенше жағдайға дайын болу керекпіз»
СНХ: БАХТИЯР МҰХАМЕТЖАН, ӘСКЕРИ МІНДЕТТІ АЗАМАТ: Мен запастағы, Бахтияр Мухаметжан, Қазақстан темір жолында жұмыс істеймін. Лауазымым бойынша – ревизор. Осы жиында бізді 10 күнге шақырды. Бұл жиында мен 1-ші күзет ротасын басқарамын. Осы жиында біз өзіміздің шеберлігімізді арттырып жатырмыз. Менің ойымша, әрбір азамат өз Отанын қорғау қажет.
РКС: Бригада командирі, полковник Әмірқожа Айтқожиннің айтуынша, жиындарға қатысу әскери міндетті азаматтарға тактикалық және кәсіби дағдыларын қалпына келтіруге ғана емес, сонымен қатар әскери борыштың маңыздылығын қайта сезінуге мүмкіндік береді.
Айта кету керек, аумақтық қорғаныс бригадасының материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі мен әскери жиындарға шақырылған азаматтарға еңбекақы төлеу шығындары облыс әкімдігінің бюджеті есебінен қаржыландырылады.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, АРАЙЛЫМ ШЫТЫРЫМБЕК, ЕЛДОС ЖӘРКЕН, КӨКШЕ АҚПАРАТ