ДИКТОР: Астанадан небәрі елу шақырым жердегі Отаутүскен ауылы қарқынды дамып келе жатқан елді мекендердің бірі. Ауылдағы «Жапақ» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі соңғы жылдары заманауи агротехникалық шараларды қолданып, өнім көлемін екі есеге арттырған. Шаруашылықтағы малдардан бөлек, ауылдағы ағайынның қорасындағы түлікке де қажетті жемазықты қатар дайындауда. 50-ге тарта түтіні бар елдімекеннің тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан тілші баяндасын.
РКС: Отаутүскен ауылы – еңбек пен жаңашылдықтың үйлескен жері. Мұндағы шаруалар ерінбей еңбек етіп, ауылдың ғана емес, елдің де азық-түлік қорын толықтыруда. Ауылда егіншілік пен мал шаруашылығы қатар дамып отыр. Биыл «Жапақ» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі мемлекеттен жылдық үстемесі 2,5 процент болатын 29 миллион теңгеге несие алған. Жыл сайын ірі қара мал басын көбейтуді қолға алған. Асыл тұқымды төл алу үшін биыл 4 бұқа сатып әкеліпті.
СНХ: БАУЫРЖАН ҚАЗЫ, «ЖАПАҚ» АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНДІРІСТІК КООПЕРАТИВІНІҢ БАСШЫСЫ: Өкіметтің программаларымен, «август бұқа» қосамыз, екі жыл бұрын «белоголовый» әкелдік. Сол енді жаңағы селекцияны өзіміз үшін жүргіземіз. Мал өсіреміз, шөп шабамыз. Кішкене егін егіп. Мұнда малды ұстау үшін қораға автоматизированный хотим перейти. Енді оны баяғыдан істегіміз келіп жатыр. Оны автоматқа көшу үшін өте үлкен қаражат керек. 10-15 жылда уже бұрынғы адамдар кеткеннен кейін жас адамдар олай мал жайламайды. Ешкім келмейді. Сондықтан, тезірек автоматқа көшу керек.
РКС: Кооперативте қазір 400 бастай ірі қара мал бар. Аталған техникалық құралдардың арқасында жемшөпке деген тапшылық жоқ. Жергілікті шаруалар сүт пен ет өнімдерін тек ауыл ішінде ғана емес, Астанадағы дүкен сөрелеріне де жөнелтеді. Жұмысшылардың жалақысы уақытылы беріліп тұрады. Жұмыс істеймін деген адамға кооператив тарапынан әлеуметтік көмектің бәрі қарастырылған. Яғни, ауылда өмір сүруге жағдай бар деген сөз.
СНХ:ЕРЛАН МУСИН, «ЖАПАҚ» АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНДІРІСТІК КООПЕРАТИВІНІҢ БРИГАДИРІ: Осы жеке шаруашылықта 10 жылдан артық жұмыс істеймін. Қысы-жазы жұмыспен қамтылғанмын. Қазір науқан. Шөп науқаны. Шөп дайындап жатырмыз. Осы бригадада бригадир боламын. Қарамағымда15-16 адам жұмыс істейді. Ай сайын жалақымызды аламыз. Медстрахования бәрі бар.Жалықымыз жобамен 300 мың.Одан басқа дивиденд дейді ғой, шөбімізді береді, одан басқа көп нәрселермен көмегі бар. Семьямызға бәріне жетеді. Бәрі жақсы.
РКС: Отаутүскендегі шаруалар ел экономикасына үлес қосып келеді. «Жапақ» кооперативі – өзге елдімекендерге үлгі болар еңбектің ордасы. Мұнда әр оралған бір бума шөп – төгілген маңдай тердің, адал еңбектің жемісі. Бағасы 5000 теңгеге дейін бағаланатын шөптің әр бумасының артында таңмен таласқан тірлік, дала төсіндегі тынымсыз еңбек жатыр. Бұл – мал азығын қамдап, ертеңгі күнге сенім артқан ауыл еңбеккерлерінің берекелі бейнеті. Ол - табандылықтың, төзімнің, табиғатпен үндескен тіршіліктің символы.
НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ