ДИКТОР: Алғашқы медициналық-санитарлық көмек – баға жетпес денсаулықты нығайтудың бастапқы және ең маңызды қадамына бастар жол. Денсаулық сақтау жүйесімен таныстық учаскелік дәрігерлер мен мейірбикелерден басталады. Дәл осы абзал жандар сырқаттарды бірінші қабылдайды. Емдеудің барлық сатысында тиісті көмек көрсетеді.
РКС: Көкшетау қалалық емханасының терапия бөлімшесінде жүздеген сырқатқа есімі жақсы таныс маман бар. Әлия Әлжанова өз ісіне берілген, білікті мейірбике. 2006 жылдан бері алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету жүйесінде еңбек етіп келеді. Емханаға тіркелген екі мыңнан астам пациентке көмек көрсетеді.
СНХ: ӘЛИЯ ӘЛЖАНОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАСЫНЫҢ УЧАСКЕЛІК МЕЙІРБИКЕСІ: Менің ата-анам да денсаулық сақтау саласының қызметкерлері. Сондықтан бұл салаға кездейсоқ келгем жоқ. Әкем анестезиолог-реаниматор, ал анам мейірбике-анестезист болып еңбек етті. Учаскелік қызметтің қиындығы да жоқ емес. Кей адамдар жыл сайын флюорографиядан, скринингтен өтудің маңыздылығын жете түсіне бермейді. Көп ретте олар сені тыңдағысы да келмейді. Ал біздің міндетіміз емханаға тіркелген пациенттердің бәрін тиісті тексеруден өткізу. Меніңше, мейірбике мамандығы – ең бір ізілікке толы сала. Өйткені, нағыз адами қасиеттер бәрінен биік тұрады. Кейде дәріден гөрі мейірбикенің қолдауы мен жылы сөзі әлдеқайда маңыздырақ.
РКС: Әлияның кәсібилігі, мамандығына адалдығы мен адамгершілігі лайықты түрде бағаланды. Ол «Алғашқы ммедициналық-санитарлық көмектің үздік мейірбикесі» атағын иеленді. Бұл марапат оның күнделікті тынымсыз еңбегінің, жылдар бойы көрсетіп келе жатқан жоғары сапалы медициналық көмегі мен шынайы жанашырлығының өтеуі.
СНХ: РЫСТЫ СЫЗДЫҚ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Әлия ұжымдастарының арасында өте сыйлы маман. Ұзақ жыл бір учаскеде жұмыс істеп келеді. Өзім де сол учаскеге тіркелгенмін, көп жылдан бері білемін. Пациенттер оны өте мейірімді, жанашыр деп сипаттайды. Қашан да көмек қолын созуға даяр тұрады. Учаскеде дәрігерлер жиі ауысқанымен, тұрғындар көбіне Әлияның көмегіне жүгінеді.
РКС: Әлия Әлжанованың еңбек жолы – кәсіби қызметіне адалдықтың үлгісі. Осындай мамандардың арқасында денсаулық сақтау саласының бастапқы медициналық буыны мыңдаған ақмолалық үшін сенімді тірек болып қала береді,– дейді әріптестері.
БЕЙБАРЫС ШАЛАБАЕВ, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ