ДИКТОР: Қопа көлінің бойындағы жаңа жағалау қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орны. Бұл жерге адамдар серуендеп, көлге шомылып, таза ауамен тыныстауға келеді. Бірақ, соңғы күндері Қопа көлінің жағдайы көңіл көншітпейді. Су лайланып, жағымсыз иіс пайда болған. Осыған байланысты қала тұрғындары көлдің санитарлық-экологиялық ахуалына алаңдаушылық білдіруде. Мұндай жағдайда суға шомылу қаншалықты қауіпсіз? Жауапты органдар тарапынан тазарту жұмыстары жүргізілді ме? Мәселенің мән-жайын әріптесіміз анықтап қайтты.

РКС: Шілде айының басында зертханалық-аналитикалық бақылау бөлімінің мамандары Қопа көлі мен Қылшақты өзенінен су сынамаларын алып, су тазалығына қатысты зерттеу жүргізген. Оның нәтижесі бойынша химиялық көрсеткіштер нормаға сай, шектен тыс ауытқулар анықталмаған. Ал көлдің лайлануы мен жағымсыз иістің пайда болуы - су айдынында балдырлардың қарқынды өсуімен байланысты, бұл құбылыс қолайлы табиғи жағдайдың қалыптасуынан туындап отыр-дейді мамандар.

СНХ:НҰРЖАН ҚОСПАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Шілде айында Қопа көлі мен Қылшақты өзенінен екі рет су сынамалары алынды. Өткізілген зерттеу нәтижелері бойынша су объектілеріне зиянды заттардың заңсыз төгілуі анықталған жоқ. Анықталған жағдайда мұндай фактілер полиция қызметкерлерімен рәсімделіп, оқиға орнында тіркеледі. Бұдан соң әкімшілік шаралар қабылдау үшін департаментке жіберіледі.

РКС: Қопа көлінің тереңдігі 1,5-нан 5 метрге дейін жетеді. Бұған дейін суды тазарту тек Қылшақты өзенінде ғана жүргізілген. Қазіргі уақытта Қопа көлін тазарту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Жоба аяқталуға жақындап, бүгінде мемлекеттік сараптамадан өтуге дайындық үстінде. Жоба аясында су айдынының экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған кешенді шаралар қарастырылған.

СНХ: ДЖАНЕТ МИКИШЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТТЫ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Жоба аясында Қопа көліне толық тазарту жұмыстарын жүргізу қарастырылған. Қазіргі уақытта құмды-шөгінді тұнбаларды тазалау жұмыстары атқарылуда. Жоба көл түбін тазартуды көздейді. Бұл жоба меморандум аясында жобалық ұйым тарапынан әзірленгендіктен, жобалық-сметалық құжаттамаға қаржы жұмсалмады. Жоба Павлодарлық жобалық ұйымның қатысуымен дайындалуда.

РКС: Ал жағымсыз иістің шығуы - Қопа көлінің тұйық болуынан, -дейді мамандар. Сондай-ақ, қалалық коммуналдық жағажайда санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды жоқ екені айтылды.

СНХ: РОМАН ЛАНОЧКИН, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ: Алынған су сынамаларында санитарлық-химиялық көрсеткіштері бойынша иіс пен темір мөлшері шектен тыс жоғары екені анықталды. Микробиологиялық көрсеткіштер бойынша лактозо-позитивті бактериялар саны жоғары. Ал су топырағы нормаға сай. Микробиологиялық талдауда оң бактериялар анықталды. Облысы әкімінің шешімінде рұқсат етілген шомылу орындары көрсетілген. Мысалы, Көкшетау қаласында Қопа көлінің аумағында Резиденция маңында орналасқан коммуналдық пляж бар, ол шешіммен рұқсат етілген, бірақ осы пляжға санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды бойынша рұқсат құжаттары жоқ.

РКС: Қала әкімдігі одан әрі барлық рұқсат құжатын алуы үшін Қопа көліне қатысты заңсыздықтарды жоюға қатысты мамандар ұсыныстар беріп, қажетті іс-шараларды өткізді.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ