ДИКТОР: Қоғамда әрбір адамның өз орнын тауып, мүмкіндігін іске асыруы – дамыған елдің басты белгілерінің бірі. Соңғы жылдары Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдауға бағытталған нақты қадамдар жасалуда. Бұл — олардың әлеуметтенуіне, білім алып, өз кәсібін ашуына жол ашып отыр. Тілшіміз баяндайды.

РКС: Өткен жылы 9,5 мыңнан астам адам әлеуметтік оңалту құралдарымен қамтамасыз етілді. Мүгедектердің арнайы арбашалары түрінде 400-ге жуық адам әлеуметтік көмекпен қамтылған. Облыс бойынша барлық топтағы мүгедектігі бар 29 мыңнан астам адам тұрады. Рамазан Мұқатаевтың есімі Ақмола облысына кеңінен танымал. Ол «Ақмола облысы бойынша мүгедектігі бар тұлғалардың «Бірлік» одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы. Көкшетаулық жеке кәсіпкер Рамазан Мұқатаев тігін жабдықтарын жөндеумен айналысады. Бұл кәсіпті бастағанына 7 жылдан асыпты. Жеке кәсіпкерлігінде өзі сынды мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтып отыр.

СНХ:РАМАЗАН МҰҚАТАЕВ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР: Осы іспен айналыса отырып, жұмыспен қамтудың белсенді түрлері бойынша мемлекеттік бағдарламаларға қатысамыз. Тиімді әрі жақсы бағдарламалар бар. Жұмыс орындарын құрдық. Қазір жігіттер өздерінің үйренгендерін әрі қарай жүзеге асыруда. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып өзім сияқты мүгедектігі бар жандарға нарыққа белсенді және батыл қадам басу керек деп айтар едім. Бизнес-жобаларға қатысудан қорқудың қажеті жоқ. Өйткені, мемлекет тарапынан өз-өзін жүзеге асыруға жәрдемдесетін осындай құралдар өте көп.

РКС: Мемлекеттік бағдарламалар мен үкіметтік емес ұйымдардың қолдауы арқылы инклюзивті кәсіпкерлердің саны артып келеді. Бастысы – сенім мен қолдау. Инклюзия – бұл тек физикалық емес, әлеуметтік кедергілерді де жою. Жеке кәсіп ашу арқылы инклюзивті жандар қоғамның толыққанды мүшесіне айналуда. Солардың бірі-Константин Нохрин.

СНХ: КОНСТАНТИН НОХРИН, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР: Мен "Бірлік" жеке кәсіпкерлік жүйесінде 4 жыл қызмет еттім. Бастапқыда Рамазан Сапарұлының шәкірті ретінде келген едім. Содан соң біртіндеп дамыдық. Қазір жеке кәсіпкерлікпен айналысамын.Пышақ, балта, тігін құралдарын қайраймын. Өзіммен бірге мүмкіндігі шектеулі бір жігіт жұмыс істеп жатыр. Бағдарлама бойынша мүгедектігі барларға жұмыс орындарын ашып отырмын. Жоспар көп. Мүгедектігі барларға тағы бір жұмыс орнын құрғым келеді. Осылайша біртіндеп кәсіпкерлігімді кеңейтпекпін.

РКС: Айта кетейік, облыс аумағында тірек-қимыл аппараты бұзылған 3 мыңға тарта, арбаға таңылған 130-дей, көру және есту қабілеті нашар 3 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан тіркелген. Әлеуметтік әділеттілік пен тең мүмкіндіктер – инклюзивті қоғамның іргетасы. Бұл жолда әр азаматтың қолдауы маңызды.

НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ