ДИКТОР: Жыл басынан бері Ақмола облысы бойынша 431 этникалық қазақ қандас мәртебесін алды. Бұл дегеніміз 253 отбасы. Қоныс аударушылардың дені Қытай мен Монғолиядан, сонымен қатар Орталық Азия мен Ресейден. Қандастардың тарихи Отанына көші жалғасуда.
РКС: Тарихи Отанына оралған этникалық қазақтар облыстың 9 өңіріне қоныстанды. Олардың дені негізінен Аршалы, Шортанды, Ерейментау аудандары мен Көкшетауға шоғырланған. Қандастардың жалпы санының ішінен 113 адам жұмысқа жарамды жаста.
СНХ: ЕРЛАН МҰХАМЕДИН, ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРДЫ ҮЙЛЕСТІРУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Биыл Ақмола облысы бойынша 325 адамға квота бөлінді. Бүгінгі күнге дейін соның 215-і квтотаға енгізілді. Өңірлік квотаға іліккендердің 113-і еңбекке жарамды. Соның 46-сы жұмысқа орналастырылды. Біреуі жеке кәсіпкер. 14 әйел бала күтіміне байланысты демалыста. 9 адам жұмыс іздеп жүр. 15 студент бар. Ал 26 адам өзін-өзі еңбекпен қамтыған.
РКС: Жыл басынан бері еңбек ұтқырлығы орталығының мамандары 120-дан астам қандасқа жұмысқа орналасу мәселелеріне қатысты түсіндіру жұмыстарын өткізген. Жастар практикасы, 50-ден асқандарға «Күміс жас» жобасы, кәсіп ашуға 400 есептік айлық көрсеткішке дейінгі грант түрінде қолдау шаралары жүзеге асырылуда. Мемлекет қандастардың еңбекке орналасуына және оларды баспанамен қамтуда жан-жақты қолдау көрсетіп келеді.
СНХ: НАРИДОЛДА ШОЛПАН, ҚАНДАС: Монғолиядан өткен жылы сентябрьде Қазақстанға отанымызға отбасыммен келгенмін. Бұнда қандас мәртебесіне ие болған азаматтардың бірімін. Бұнда келгенімде мемлекет барынша қолдау көрсетті, жұмысқа орналастырды, үй берді. Отанымызға оралғаныма қуаныштымын.
СНХ: АЛЕКСАНДР ӘБІШЕВ, ҚАНДАС: Омбыдан Көкшетауға қоныс аударғаныма үш жылға жуықтап қалды. Келген бетте бірден мансап орталығының қолдауына жүгіндім. Қазір ірі компанияда жұмыс істеп жатырмын. Қазақстан ұнайды. Жылы қарсы алды.
РКС: Айта кетейік, былтыр Ақмола облысы бойынша 1714 этникалық қазақ қандас мәртебесін алды. Ал жалпы алғанда Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері күні бүгінге дейін 1 миллион 153 мың этникалық қазақ тарихи Отанына оралды.
АЯЖАН ӘЛКЕНОВА, АРАЙЛЫМ ШЫТЫРЫМБЕК, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ