ДИКТОР: Өңірде балалардың терезеден құлап кету оқиғалары әлі де азаймай тұр. Мәселен, жыл басынан бері 10 оқиға тіркелген. Оның екеуі мерт болған. Мұндай оқиғалар, негізінен, ересектердің балаларды қараусыз қалдыруынан және ашық қалған терезелердің салдарынан туындайды.Көп жағдайда қайғылы оқиғалар қас-қағым сәтте орын алады. Балалар терезеге шығып, москит торына сүйенуі мүмкін. Бірақ, ол тор тіпті баланың салмағын да көтермейді. Мұндай тәуекелдің алдын алу мақсатында облыстық төтенше жағдайлар қызметі түсіндіру жұмыстарын күшейтті. 10 мыңға жуық ақпараттық жадынама таратылып, тұрғындармен бірқатар кездесу өткізілді. Сонымен қатар, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында түсіндіру науқандары жүргізілуде. Мамандар ата-аналарды балаларының қауіпсіздігіне мұқият қарауға шақырады.
СНХ: ДАНИЯР КАРВАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Ағымдағы жылдың өткен кезеңі бойынша облыс аумағында балалардың терезеден құлауына қатысты 10 факті тіркелді, оның үшеуі - бала өлімімен аяқталған. Өткен жылдың осы кезеңінде 7 оқиға тіркелгенімен, балалардың терезеден құлау деректері болмаған. Демек, қазіргі көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда күрт нашарлап отыр. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ата-аналарға үндеу жолдаймыз: балаларды қараусыз қалдырмауларыңызды, баланың терезеге шықпауы үшін жақтауға жақын тұрған жиһаз бен өзге де заттарды алып тастауларыңызды сұраймыз. Сонымен қатар, терезелерге арнайы қорғаныс құрылғыларын орнатуды да ұмытпаған абзал.