ДИКТОР: Бүгін Көкшетаудың жаңа жағалауында орналасқан амфитеатрда кешкі сағат 7-де халқымыздың ұлттық музыка өнерінің жауһарына айналған, аспаптық музыка тарихындағы тұңғыш кәсіби ұжым - Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің концерті өтеді. Кеш барысында оркестрдің орындауында ұлттық рухты оятатын күйлер мен төл туындылары ұсынылады. Сондай-ақ, сахна төрінде кештің арнайы қонақтары - Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Өнербаев және еліміздің мәдениетіне елеулі үлес қосып жүрген танымал өнер қайраткерлері өнер көрсетеді.

ИНТЕРШУМ:

STAND-UP: ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ТІЛШІ: Ұлттық өнердің темірқазығына айналған Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрі гастрольдік сапар аясында Көкшетау қаласына ат басын тіреді. Қазақ музыкасының алтын діңгегі саналатын ұжым бүгінгі кеште қала тұрғындарына ерекше рухани серпіліс сыйлайтын концерттік бағдарламасын ұсынбақ.

СНХ: СӘРСЕНБАЙ ХАСЕНОВ, ДӘСТҮРЛІ ӘНШІ: Бұл үлкен бір тарихи күн. Өйткені бұл бүкіл Қазақстандағы оркестрлердің ең бастаушысы да, алғаш құрылғаны да осы оркестр. Сонау 30-шы жылдары құрылса міне, 90 жылға уақыт осы оркестр өзінің үлкен өнерін бүкіл қазақты барша әлемге паш етіп келе жатқан үлкен бір ұжым. Және сол ұжым біздің Көкше жеріне келгеніне біз қуаныштымыз! Кешке жақын халыққа үлкен жағалауда концерт ұсынады. Сол концертті көріп, Көкше елі бір марқайып қалса нұр үстіне нұр болар еді деген ойдамыз.

РКС: 1934 жылы академик Ахмет Жұбанов негізін қалаған Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі - қазақ мәдениетінің алтын арқауы, ұлттық мұрамыздың жарқын көрінісі. Бастапқыда небәрі 11 домбырашыдан құралған бұл ұжым бүгінде әлем сахналарын бағындырып, ұлы дала әуенін күллі жаһанға танытып келеді. Ұлттық өнердің ұлағатын ұлықтаған ұжым араға жиырма жыл салып, Көкшетау жеріне арнайы гастрольдік сапармен келіп отыр. Бұл тарихи сәт - тек оркестр үшін ғана емес, күллі өнерсүйер қауым үшін үлкен қуаныш.

СНХ: АБЫЛАЙ ТІЛЕПБЕРГЕН, ҚҰРМАНҒАЗЫ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ХАЛЫҚ АСПАПТАР ОРКЕСТРІНІҢ БАС ДИРИЖЕРІ: Қазақтың қай жері болса да қасиетті ғой. Міне бүгін қазақтың ерекше қасиетті жері Көкше жеріне Құрманғазы оркестрінің ұжымы табан тіреп, келіп жатыр. Біз бұл күнді көптен бері күттік. Көптен бері жоспарладық. Әрине, біздің Құрманғазы оркестрі бұл жерге келмегелі 20 жылдың шамасы болып қалыпты. Кешеден бері жолға шыққаннан бері сондай қуанып, шаттанып, керемет жерге бара жатырмыз, Көкше жеріне бара жатырмыз, Сәкен өскен жер, басқа да ұлы адамдар шыққан жерге бара жатырмыз деп шабыттанып келдік барлығымыз. Бүгін өздеріңіз білетіндей осы Көкшетау қаласының орталық паркінде судың жағасында біз концерт бермекшіміз. Ең біріншіден, Құрманғазы оркестрі болғандықтан, Құрманғазының күйлерін, Тәттімбеттің күйлерін, басқа да шетелдік композиторлардың күйлерін, жалпы жаңа бағдарламаны алып келуге тырыстық.

РКС: Концерттік кеш барысында көрермендер Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей сынды қазақтың ұлы күйшілерінің шығармаларын, сондай-ақ заманауи өңдеудегі ұлттық туындыларды тамашалай алады. Кешкі сағат 7-де Жағалауға келіңіздер!

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ