ДИКТОР: Степногорск қаласында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мұрындық болуымен алдағы болашақта олимпиада ізбасарларын дайындау жөнінде балалар спорт мектептері өкілдерімен арнайы конференция өтті.

РКС: Үлкен спортқа апаратын жол балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептерінен бастау бұлағын алады. Ақмола облысында осыдан ширек ғасыр бұрын ашылған Степногорск қаласындағы Бөгенбай батыр атындағы интернат-колледж болашақ олимпиадашылардың ұстаханасы деп ауыз толтырып айтуға болады. Бұл жерден 20 жылдың төңірегінде олимпиадалық ойындардың жүлдегерлері әлем және Азия чемпионаттарының жеңімпаздары қанат қағып шықты. Конференцияға қатысушылар алдағы болашақта осынау үрдісті жалғастырудың нақтылы жоспарын қарастырып спорт мектептері жетекшілер өз ойларын ортаға салды. Олар спорт мектеп, интернат-колледждің материалдық-техникалық базасымен танысты. Сондай-ақ «Олимпиада үміттері» жарысын тамашалады.

ИНТЕРШУМ:

СНХ: АРДАҚ ТӨЛЕНДИН, ОБЛЫСТЫҚ СПОРТ ЖӘНЕ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Осы жарыстан іріктелген мықтылар интернатқа түсетін болады. Біз аудандық спорт мектептерінің басшыларына осындай талап қойдық. Бүгінгі жарыста болашақ үміткерлер іріктеледі. Алдағы сан алуан жарыстарда спорт интернат колледж шәкірттерін жеңіс тұғырынан көргіміз келеді.

РКС: Олимпиада ізбасарларын іріктеу және оларды қолдау жөніндегі конференция Әуелбек Бәйкенов басқаратын Степногорск қаласындағы мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің базасында ұйымдастырылды. Барлық аудандардан келген жасөспірімдер жарыс өткен алаңдарда үздік нәтиже көрсетті.

СНХ: АЙНАРА БЕКНАЗАРОВА, СТЕПНОГОРСК МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСІПІРІМДЕР СПОРТ МЕКТЕБІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 2012-2013 жылдары туған жасөспірімдер спорттың бірнеше түрінен жарысқа қатысты. Жақсы нәтиже көрсеткен ұл-қыздар спорт интернат колледжге қабылданады. Сондықтан бапкерлер өздерінің сенім артқан шәкірттерін алып келді.

ИНТЕРШУМ:

СНХ: ОМАР ӘЛДИБЕК, ЕСІЛ ҚАЛАСЫНЫҢ БАЛУАНЫ: «Олимпиада үміттері» жарысына тыңғылықты дайындықпен келдім. Бапкерлерім Бақытжан Ғұмыр мен Арыстан Болатовқа алғысым шексіз. Арманым Степногорск қаласындағы спорт интернат-колледжге түсу. Оның материалдық-базасын көзбен көрдім. Алаңсыз жаттығуға барлық жағдай жасалған екен.

РКС: Степногорск қаласындағы Бөгенбай батыр атындағы спорт интернат колледждің директоры белгілі балуан, Ерік Жапаров «Олимпиада үміттері» жарысын өткізудің негізгі мақсаты болашақ мықты спортшыларды іріктеудің алғашқы қадамы деп санайды. Олай болса, әлемге танымал спорт тарландарының желкілдеп өсіп келе жатқандығына қуанайық.

ҚАЛЫМБЕК МҰХАМЕДЖАНОВ,САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ,КӨКШЕ АҚПАРАТ