ДИКТОР: Жаңа жағалау. Жаңа сахна. Ашық аспан астында жиналған мыңдаған тұрғын мен балалардың күлкісі. Көкшетауда 1 маусым - Балаларды қорғау күніне арналған кең көлемді мерекелік шара ерекше деңгейде аталып өтті. Бұл күні қала тұрғындары Қопа көлінің маңындағы жаңа Жағалаудың ашылуына да куә болды. Жаңа демалыс орнының іске қосылуы - қала тұрғындары үшін үлкен қуанышқа айналды.

РКС: Жоғары деңгейде ұйымдастырылған ашық аспан астында өткен мерекелік шараға тек көкшетаулық өнерпаздар ғана емес, Қазақстан эстрадасының жарық жұлдыздары - Садраддин мен Дастан Оразбеков те өнер көрсетті. Олардың орындауындағы әндер ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады. Жанкүйерлер бірге қосылып ән шырқап ұмытылмас әсер алды.

ИНТЕРШУМ:

СНХ: МАҒЖАН КӘРІБАЙ, "БАЛҚАДИША" ХАЛЫҚТЫҚ-ФОЛЬКЛОРЛЫҚ АНСАМБЛІНІҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ: Жаңа жағалаудың ашылуы үлкен мәртебе. Өзім мәдениет саласында істеп жүрген адам ретінде көріп отырғандарыңыздай жаңа сахна салынып отыр. Басқа форматта, заманауи форматта жаңа сахна. Бұл біз үшін де, тұрғындарымыз үшін де үлкен қуаныш. Себебі алда жаз, осы сахнада біз тұрғындарымызға көңіл-күй сыйлайтын боламыз. Мұның бәрі үлкен мәртебе.

РКС: Атаулы мерекеде «Гормолзавод» серіктестігі өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өтіп, ерекше тарту жасады. Кәсіпорын ұлттық рекорд орнатып, салмағы 1 тонна 700 келі болатын балмұздақты қала қонақтарына тегін таратты. Түрлі дәмдегі балмұздақтар әсіресе балалардың көңілінен шықты. Алғашында 10 мың адамға балмұздақ беріледі деп жоспарланғанымен, іс жүзінде 23 мыңнан астам тұрғынға тәтті сыйлық таратылған.

СНХ: БАҚШАГҮЛ НҰРМОЛДИНА, "ГОРМОЛЗАВОД" СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ӨКІЛІ: Кешкі бағдарламаға Қазақстан жастарының сүйікті әншісіне айналған Садраддинді арнайы шақырдық.. Жиналған жұрт оны өте жылы қабылдады. Көптеген жанкүйер келді. Бүгінгі шараға қала тұрғындары риза болды.

РКС: Сахнадан бөлек, тұрғындар түрлі ойындар мен интерактивті байқауларға қатысты. Балаларға арналған ойын-сауық бағдарламасы көпшілікке көтеріңкі көңіл - күй сыйлады.

СНХ: ГҮЛДАРАЙ ҚЫРҚАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Жағалаудың ашылуы үлкен мүмкіндіктер берді осыны ұйымдастыруға. Тегін балмұздақ, концерт, фотозоналар, барлық балалардың шығармашылық орталықтарына өте ризамын.

СНХ: ЖАННҰР ЖАҚСЫБАЙ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Бүгінгі күн өте жақсы өтті. Мен концертке қатыстым. Концерт көрдім. Балалардың ең жақсы көретін әншісі Садраддин келді. Тегін балмұздақ берді.

РКС: Кештің соңында Қопа көлінің жағалауында ұйымдастырылған отшашу шоуы қала аспанын жарқыратты. Бұл сәт мерекеге келген әрбір адамның жадында ұзақ сақталары сөзсіз. Тұрғындар көтеріңкі көңіл-күймен, жылы әсермен тарқасты.

ИНТЕРШУМ:

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ