ДИКТОР: Жазасын өтеп шыққандарды әлеуметтік бейімдеуге мемлекеттік органдар ғана емес, үкіметтік емес ұйымдар да атсалысуы керек. Бүгін ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің бастамасымен жиын өтті. Онда жазасын өтеп шыққандарды әлеуметтік бейімдеу және шоғырландыру мәселесі қаралды.
РКС: Жазасын өтеп шыққандарға мемлекет тарапынан жан-жақты көмек көрсетіледі. Оларға арнайы бір реттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалып, жұмыспен де қамтылады. Ақмола облысында алғаш рет сотталғандарды бейәлеуметтендіру пилоттық жобасы жүзеге асырылуда. Оның осы өңірде қолға алынуы тегін емес. Өйткені, жазасын өтеушілерге арналған 7 мекеме осы аймақта орналасқан. Жазасын өтеп шыққандарға еңбекпен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналасу мүмкіндігі қарастырылады. Арнайы курстарда жаңа кәсіп үйреніп, маман атануына жол ашылады. Қазір Көкшетау қаласының өзінде салынатын жылу электр станциясының құрылысына 2 мыңға жуық еңбек қолы қажет екені айтылды.
СНХ: ЖАРҚЫНБЕК БАҚАШБАЕВ, ҚР АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҚ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Сол жерге жұмыс кәсіптері керек.Соған өз үлесімізді қосып,сотталғандарды кәсіпке үйретіп, жұмыспен қамтып,тұратын жерін дайындап,олардың еліміздің абзал азаматтары , патроиот азамттары болып шығуына үлесімізді қоссақ деп келіп отырмыз.Бұл пилоттық жоба Қазақстанның еш жерінде жоқ. Бұл бірінші рет Ақмола облысында басталып отыр. Бастамамамыз жақсы жүретін болса,бұдан кейін бүкіл республика бойынша Қазақстанға таратамыз деген ойымыз бар.
РКС: Ведомствоаралық өзара іс-қимыл, жобаны кезең-кезеңімен іске асыру мәселелеріне, сондай-ақ жұмыс берушілердің көмегімен сотталғандарды жұмысқа орналастыру мен тұрғын үй берудің практикалық тетіктеріне ерекше назар аударылды
СНХ: СЕРІК ЖҰМАҚАЕВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ПРОКУРОРЫНЫҢ КӨМЕКШІСІ: Облыс бойынша осы жобаға іліккен 60-қа жуық сотталушы бар, олар жақында ғана темір тордың ар жағынан босап шықты. Жақын арада рақымшылық жасалады, оған да біраз адам ілігеді. Білім беру органдарына әрекет етудің алгоритмін әзірлеу тапсырылды. Ол жерде жұмыспен қамту бөлімі тікелей қанша мамандық қажет екенін көрсету тиіс. Одан соң білім беру органдары жазасын өтеп шыққандарды сол мамандықтарға оқытатын мамандар бөледі. Ол не үшін қажет? Темір тордың ар жағынан босаған азаматтардың тікелей жұмысқа орналасуына мүмкіндік беру.
РКС: Қоғамда әр адам екінші мүмкіндікке лайық. Басты мақсат-жазасын өтеп шыққан азаматтың қайта қылмысқа бармай, қоғамға пайдалы тұлға ретінде қалыптасуына жол ашу.
НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.