ДИКТОР: Көкшетауда балаларды қорғау күніне орай ерекше танымдық шара өтті. Облыстық полиция департаментінің кинология қызметі орталығында оқушыларға арнайы бөлімше қызметкерлерінің жедел әрекет ету дағдылары, қызметтік иттердің жұмысы мен арнайы техника көрсетілді. Іс-шараға оқу-жаттығу взводының жауынгерлері, арнайы жедел топ жасағының қызметкерлері мен 5510 әскери бөлімінің әскери қызметшілері қатысты.

РКС: Кинологтардың қатысуымен өткен көрсетілім оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Олар полицияның төрт аяқты серіктерінің есірткі мен жарылғыш заттарды анықтау шеберлігін тамашалап, оқу-жаттығу взводы мен арнайы жедел-топ жауынгерлерімен бірге қылмыскерді ұстау тәсілдерімен танысты.

СНХ: ЕДІЛ БЕГАЛИН, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ КІШІ ИНСПЕКТОР-КИНОЛОГЫ: Осындай шараларға балаларды шақыруға әрдайым қуаныштымыз. Бұл олардың дүниетанымын кеңейтіп, қызметтік иттермен жұмыс істейтін арнайы бөлімшенің қызметімен жақынырақ танысуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бұл мамандықтың қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін терең түсінуге сеп болмақ.

РКС: Балалар құқық қорғау органдарында қолданылатын арнайы жабдықтармен, киім-кешектермен және техникалармен жақынырақ танысты. Сондай-ақ, қызметтегі көмекші жануарларға күтім жасау үшін қолданылатын ветеринарлық препараттар туралы ақпарат алды. Шара ұйымдастырушыларының пікірінше, мұндай кездесулер жастардың дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, полиция мен әскери қызметшілер мамандығына деген құрметті қалыптастырады, құқық қорғау органдарына деген сенімді нығайтады және жас ұрпақты лайықты өмірлік жолды таңдауға шабыттандырады.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ҚАЙЫРБЕК ТӨЛЕГЕНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ