ДИКТОР: Бұланды аудандық ауруханасына соңғы үлгідегі компьютерлік томограф аппараты алынған. Биыл наурыз айынан бастап іске қосылған аппаратпен қазірге дейін 300-ден аса адамның денсаулығы тексерілген. Заманауи аппараттың ерекшелігі туралы әріптесім Мақпал Айбабина баяндасын.
РКС: Бұланды аудандық ауруханасы 1981 жылы ашылған. Ертеректе емдеу мекемесі 250 орындық болса, қазір 80 орындық. 40 жылдан аса тарихы бар ауруханаға алғаш рет облыстық бюджет есебінен соңғы үлгідегі КТ аппараты алынған. Құрылғының құны 468 миллион теңге.
СНХ: МАРАТ АЛТЫБАЕВ, БҰЛАНДЫ АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ: Компьютерлік томограф адамның жүректен басқа барлық ағзасын тексере алады. 64 срез, яғни бір мезетте адам ағзасын жан-жақтан толық түсіруге қауқарлы, анық және дәл диагноз қоюға мүмкіндік береді. Бас, ми, омыртқа, көкірек қуысы, тамырлы зерттеулер, бауыр, мойын, буын сияқты барлық ағзаны тексереді. Бұл аппарат болмағанда аудан тұрғындары Бурабай ауданы, Көкшетау, Астана, Степногор қалаларына баратын. Ол жерлерде 1-2 апта бұрын кезекке жазылу керек. Ал қазір дәрігерден жолдама алып келсе болды.
РКС: Бұл аппараттың арқасында енді тұрғындар қаржысын, уақытын үнемдеп, ең бастысы ауруды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік алады. Екі айдың ішінде тексерістен өткен 300-ден аса адамның арасынан инсульт, мидағы қан айналымының бұзылуы, бірнеше онкологиялық ауруларды анықтаған.
СНХ: ЕЛЕНА ГУЛЬКОВСКАЯ, МАКИНСК ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Мені жамбас жүйке жүйесі мазалайды. Маған компьютерлік томографияға жолдама берді. Енді Көкшетау, Щучье қаласына сабылудың қажеті жоқ. Біраз уақыт бұрын томография болмаған кезде, жолдасым қатты ауырып, жедел жәрдеммен уайымдап өзге қалаға КТ-ға апарғамыз. Ал мына аппарат үлкен көмек болды.
РКС: Қазір компьютерлік томографиядан күніне 10-12 адам тексерістен өтеді. Және көршілес Біржан сал ауданының тұрғындары да жолдамамен келуде.
МАҚПАЛ АЙБАБИНА, САБЫР ҚҰЛАТАЙҰЛЫ, КӨКШЕ АҚПАРАТ