ДИКТОР: Ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер мен агробизнестің болашағына қатысты жаңа үрдістер «Jańa Dala / Green Day - 2025» халықаралық көрмесінде талқыланды. Целиноград ауданында ұйымдастырылған бұл ауқымды шара шетелден және еліміздің түкпір-түкпірінен келген жетекші ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілерді, инвесторларды және агроөнеркәсіп кешенінің өкілдерін бір алаңда тоғыстырды.
РКС: Мұнда ауыл шаруашылығы саласы бойынша мыңдаған кәсіби маман бекерге жиналған жоқ. Форум тек ауыл шаруашылығы техникасын көрсету алаңы ғана емес, сонымен қатар тәжірибе алмасуға және шеберлік сабақтарын өткізуге арналған маңызды платформа. Аталған шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген фермерлер мен аграршылардан бөлек, Австрия, Ұлыбритания, Германия, Қытай, Нидерланд, АҚШ, Франция және Жапония сияқты елдердің халықаралық компания өкілдері де қатысты.
СНХ: СЕРІК ҚҰСМОЛДИН, «AGROTECH MANAGEMENT» ФИЛИАЛЫНЫҢ БАСШЫСЫ (АЛМАТЫ): Мұндай көрмелерде біз техниканы тиімді қырынан көрсетуге, өзге өндірушілермен танысуға және клиенттік базамызды кеңейтуге мүмкіндік аламыз. Ең бастысы - көрме тек жарнамалық немесе имидждік шара емес, кез келген көрме компания үшін маңызды маркетингтік және коммуникациялық қызметті атқарады.
РКС: Ашылу салтанатына облыс әкімі Марат Ахметжанов пен Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров қатысты. Өңір басшысы мұндай ауқымды шараның өткізілуі облыстың ауыл шаруашылығы саласындағы жоғары әлеуетін дәлелдейтінін атап өтті.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Көріп тұрғандарыңыздай, бұл шараға қатысушылардың қатары шетелдік өкілдіктер мен ұйымдарды қоса алғанда, жыл сайын кеңейіп келеді. Бұл көрменің маңыздылығы артып келе жатқанын және оған деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. Өтіп жатқан көрме өзара сауда байланыстарының дамуына және елдер арасындағы тауар айналымының артуына ықпал етеді деп сенеміз.
РКС: Шара барысында ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жыл абыройлы еңбек етіп жүрген бірқатар маман алғыс хаттармен, медальдармен, Грамоталармен және арнайы сертификаттармен марапатталды. Солардың бірі - Егіндікөл ауданындағы шаруашылықтардың бірінде ауыр жүк көлігінің жүргізушісі болып еңбек ететін Сергей Белоцкий. Ширек ғасыр көлік тізгіндеп келеді.
СНХ: СЕРГЕЙ БЕЛОЦКИЙ, «АҚМОЛА – ЕҢБЕК ОЗАТЫ» МЕДАЛІНІҢ ИЕГЕРІ: Әрине, бұған дейін де марапаттар мен алғыс хаттар алғанмын, алайда бұл медальді алғаш рет иеленіп тұрмын, сондықтан өте қуаныштымын. Шаруашылық басшылығына алғысымды ерекше білдіремін, өте ризамын. Біздің негізгі жұмысымыз – көктемгі егіс науқанын дайдағыдай өткізіп, күзде өнімді жинап алу.
РКС: Бұл күннің көркін қыздырған алаңдағы үлкен бұқа жарысы болды. Биыл оған 5 түрлі тұқымнан 30 бас бұқа қатысқан. Іріктеу нәтижесінде ең үздіктер таңдалып, финалда бас жүлде иегері «Юта» тракторы мен жол талғамайтын көлікке ие болды.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЗАРИНА БЕКҚАЛИЕВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ