ДИКТОР: Ақмола облысының диқандары егіс алқаптарының жартысынан көбін еңсерді. Бүгінге дейін 2,7 миллион гектар алқапқа дән себілді. Бұл - жоспарланған егіс көлемінің тең жартысынан астамы. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарына барлығы 5,5 миллион гектар жер бөлінген. Жұмыстарды жүргізу үшін фермерлерге литрі 254 теңге бағамен жеңілдетілген дизель отыны берілуде. Сондай-ақ, «Кең Дала» және «Кең Дала 2» бағдарламалары аясында тиімді несиелеу жалғасып жатыр. Облыс әкімі Марат Ахметжанов жұмыс сапарымен Бурабай және Ақкөл аудандарына барып, жергілікті ауыл шаруашылығы құрылымдарының ахуалымен танысты.
РКС: «Бурабай GSK» серіктестігі ауыл шаруашылығы дақылдарын шамамен 21,5 мың гектар жерге еккен. Осылайша, жоспардың тең жартысынан астамы орындалды. Көктемгі дала жұмыстарына тиімді дайындық пен оларды сапалы өткізуге аграрлық секторға көрсетілген мемлекеттік қолдау септігін тигізуде. Уақытылы бөлінген қаражаттың арқасында кәсіпорын қажетті тыңайтқыштарды сатып алып, машина-трактор паркі жаңартылды. Жыл басынан бері өңірде 10 миллиард теңгеден астам сомаға 364 техника сатып алынды. Ақкөл ауданындағы «Аскоп» серіктестігі алқаптың 80 процентіне дән сіңіріп үлгерді. Дайындық шараларының толық кешенді түрде жүргізілуі -сәтті көктемгі егіс науқанының кепілі. Кәсіпорын егіс жұмыстарын келер айдың басына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
СНХ: АНДРЕЙ ЧАЙКА, "АСКОП" СЕРІКТЕСТІГІНІҢ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Биыл көктем ерте шыққандықтан, көктемгі егіс жұмыстары қиын өтіп жатыр. Барлық жерді арамшөп жайлап кетті. Сондықтан егіс алдындағы өңдеу жұмыстары өте көп болды, аралық өңдеу де жүргізілді. Әдеттегідей, гербицидтік өңдеуді аралас түрде жүргізіп жатырмыз. Биыл біз гербицидпен бірге ауруларға қарсы фунгицидті де алғаш рет қосатын боламыз. Өсімдік кезеңінде ауруларға қарсы екінші фунгицидтік өңдеу де жоспарланған. Биыл ылғал қоры жақсы. Енді аз да болса жауын-шашын түсіп тұрса, жаман емес, жақсы өнім аламыз деп үміттеніп отырмыз.
РКС: Айта кетейік, қыс мезгілінде облыс диқандары 1 миллион гектардан астам алқапта қар тоқтатты. 3 млн гектардан астам жерге ылғал жабылды. Сондай-ақ минералды тыңайтқыштарды енгізу көлемі айтарлықтай артты. Сапар қорытындысы бойынша өңір басшысы Марат Ахметжанов егіс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтап, сапалы өнім алуға бағытталған агротехникалық шараларды толық орындауды тапсырды.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ