ДИКТОР: Өңірде балалар мен жастар арасындағы спорттық тәрбиеге ерекше көңіл бөлініп отыр. Жыл сайын жаңа спорт кешендері салынып, балалар мен жастардың спортқа қызығушылығы артып келеді.

РКС: Облыстағы аудан орталықтарында жаңа спорт нысандарының бой көтеруіне басты назар аударылуда. Ақмола өңірінде мемлекеттік 35 спорттық мекеме бар. Бұдан бөлек, 30-ға тарта балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істеп тұр. Онда 20 мың бала спортпен шұғылданады.

СНХ: ҚУАНЫШ ҚАРАУЫЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Былтыр Ақмола облысында 3 спорт нысаны салынды. Бес жыл ішінде 7 дене шынықтыру-сауықтыру кешені қолданысқа берілді. Биыл Жақсыда, Родина ауылында, сондай-ақ Қорғалжын және Бозайғыр ауылдарында спорт нысандарының құрылысы басталды. Бұдан бөлек Көкшетау және Щучинск қалаларында 2 спорт сарайы салынып жатыр. Былтыр Есіл және Қосшы қалаларында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің және Мәдениет ауылында спорт нысанының құрылысы аяқталды.

РКС: Былтыр облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы 1500-ден астам бұқаралық спорт шарасын өткізді. Оның ішінде «Хрустальный Колос» қысқы спартакиадасы, ерекше қажеттіліктері бар адамдар арасында «Надежда» жарысы, «Ақ бидай» жазғы спартакиадасы, сондай-ақ «Құлагер» ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстары ұйымдастырылды. Оған 40 мыңнан астам спортшы қатысты.

СНХ: ҚУАНЫШ ҚАРАУЫЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 2021 жылдан бастап мемлекеттік спорттық тапсырыс іске асырылуда. Онда меншік нысанына қарамастан жеке кәсіпкерлер спорт секцияларын ұйымдастырады. Былтыр облыста 12 мың бала спортпен айналысса, биыл 12 мың 500 баланы қамтуды жоспарлап отырмыз. Биыл Бурабайда Қазақстанда алғашқы «Ice Marathon» жарысын өткіздік, оған 1200 спортшы қатысты. Былтыр республика бойынша алғаш рет түнгі марафон өткізілді, оған 500-ден астам адам қатысты.

РКС: Айта кету керек, өңірде жастардың көбі футбол мен хоккейге әуес. Әсіресе колледж студенттерінің спортқа деген құлшынысы зор. Футзал, волейбол, баскетбол және үстел теннисі, сондай-ақ ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар жиі өткізіледі.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.