ДИКТОР: Аймақта орман және дала өртінің алдын алу жұмыстары басталды. Осыған орай облыс орталығының Төтенше жағдайлар басқармасы жергілікті атқарушы органдармен және «Бұқпа» орман шаруашылығы мекемесімен бірлесіп бірқатар іс-шаралар жүргізуде.
КРС: Минералданған жолақтар – өрт таралуын бәсеңдететін тосқауылдардың бір түрі. Бұл жолақтардың ені кемінде төрт метр және ең осал деп саналатын жерлерге салынады. Аптап ыстықта мұндай жолақтар өрт сөндірушілердің жұмысын едәуір жеңілдетеді. Сондай-ақ, ормандарды, саяжайларды және жақын маңдағы елді мекендерді өрттен сақтауға мүмкіндік береді.
СНХ: ЕРБОЛАТ ӘШКЕНОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бүгінгі күні төтенше жағдайлар басқармасы жергілікті әкімдермен, сонымен қатар, орман шаруашылығымен бірлесіп, Зеренді бағытында орналасқан саяжайларды өрттен сақтау үшін минералдандырылған жолақтарды жүргізу жұмыстары басталып кетті. Бұл жұмысқа Бұқпа орман шаруашылығынан екі бірлік техника және жергілікті әкімдіктен бір техника, сонымен қатар төтенше жағдайлар басқармасының техникалары жұмылдырылды.
КРС: «Бұқпа» орман шаруашылығы мекемесінің қызметкерлері де ықтимал орман өрттері кезеңіне белсенді дайындалуда. Өрт қауіпті маусым басталғанға дейін, желсіз ауа-райында, өрт қауіпсіздігінің барлық талаптары мен ережелері сақталып, арнайы техникалар пайдаланылмақ. Бүгінгі таңда жоспардың 70% орындалды. Ауа-райы қолайлы болса, жұмыс аптаның соңына дейін аяқталады.
СНХ: СҰҢҒАТ ТИШТЫБАЕВ – «ШАҒАЛАЛЫ» ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШСІ: Жыл сайынғы дайындығымыз бойынша әуелі жерді жыртып дайындаймыз. Жоспар бойынша 8 мың гектар деп отырмыз. Біз минералданған жолақтарды жаңартып, әрқайсысынан 15-20 метр жердегі шөпті өртейміз. Бұл күн райы ыстық болып, құрғақ шөптің өртеніп кетпеуі және орман алқаптарына өтіп кетпеуі үшін жасалады. Бізде саяжайлар бар іргелес аумақтар, жақын маңда ормандар бар. Сол үшін де, оқу-жаттығуларды бірлесіп атқарамыз.
КРС: Мамандардың пікірінше, облыста өрт қаупі кезеңі сәуір айының ортасында басталуы мүмкін. Дегенмен, күн одан да ертерек жылыну мүмкін. Сондықтан өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажет, - дейді сала мамандары.
БЕЙБАРЫС ШАЛАБАЕВ, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.