ДИКТОР: Бүгін Наурыз мерекесін тойлауға бағытталған онкүндіктің 4-ші күні мәдениет пен ұлттық салт-дәстүрге арналған. Ұлттық құндылықты насихаттап, салт-дәстүрдің озығын дәріптеп, өнегені көрсеттетін күн. Қазақ мәдениеті, өнері мен ұлттық салт-дәстүрі - ұлттың "мәдени коды". Тәрбие мен салт-дәстүрдің бастауы отбасы десек, қоғам жалпыадамзаттық құндылықтар аясында біріктіруші күш болып отырған отбасында бұл күн қалай тойланып жатыр? Тілшіміз Нұрсәуле Мұрат баяндайды.

РКС: Кез-келген ұлтты ұлт ететін айырықша белгілердің бірі – мәдениеті пен өнері. Оның ішінде, өзгені түсінуге ұмтылу, өзара көмек пен ынтымаққа негізделген қарым-қатынас қағидалары халықты біртұтас ұлтқа айналдырудағы рөлі тіптен зор. Сондықтан бүгінгі күн ата-бабамыздың рухани және мәдени тәжірибесін еске түсіре отырып, сабақ алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ салауатты өмір салты, музыка салаларында ұлттық өзекке оралу үрдісі байқалады. Әңгіменің арқауы болып отырған Әділжан Кәкібаев шаңырағындағы қазақы дәстүр мен қонақжайлылық, ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүр мен мәдениеттің тұнып тұрған ортасы десек артық айтқандық болмас. Тіптен отбасында қыздарына асылған еттің мүшелері, оны ұсыну жолдарын айтып еске салып отырады. Бұл салт-дәстүрді сақтау тәрбиесі аталарымыздан мұра болып келе жатыр,- дейді үй иесі.

СНХ: ӘДІЛЖАН КӘКІБАЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Жылқының ең жақсы жері жамбас дейді ғой. Артқы жағы. Құдыретті, үлкен кісілерге беретін нәрсе. Құдалар болса құдаларға, бас құдаларға. Омыртқа деген сол, арнайы асы, қазақтарда арнайы омыртқаңды жеп кет деп ырымдаған. Алыстан бір жора-жолдасың келген кезде бір омыртқаңды же, омыртқаға шақырамыз дейді. Көрші-қолаң бәрін шақырып бір омыртқасын беретін. Сондай қазақтарда ырымдары бар.Бұл жылқыныкі, қойдыкінде бөлек. Қой сойғанда қойдың басын бас құдаға береді. Кімге арнап мал сояды соған береді. Төсті күйеу балаға береді. Жамбасты үлкен кісілерге береді.

РКС: Бүгінде Әділжан Кәкібаев көпбалалы отбасының отағасы. 5 қызғалдақтың әкесі. Отбасымызда үнемі қазақы дәстүрмен жүреміз. Қазақы тәрбиені бірінші орынға қоямыз дейді. «Қыз бала жат жұрттық»- деген қазақтың тұғырлы сөзін биік ұстанған отбасы ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Отбасындағы ұлттық тәрбие мен құндылықтың жоғары екенін, саналы ұрпағынан көріп тамсандық. Қолға су құю, асты ұсынудың өзінде тұнған қазақтың әдебі мен ғұрпын көруге болады. Тіптен келген қонағына да сый-сыяпатын жасап, құрмет көрсетуді де үлгі етіп отыр. Бұл отбасының бұрымдылары да ас үйде анасына қолғабыс етіп, қыз балаға тән иба мен инабатты қатар ұстанып келеді. Отағасы астаумен ұсынылған астың да ерекшелігін үнемі айтып,түсіндіріп отыратынын жеткізді.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Қазақ халқының басты құндылықтарының бірі - салт-дәстүр. Мәдениеті мен өнерінің маңызы қазіргідей жаһандану заманында тіптен де арта түспек. Қазақы дәстүрдің қаймағы бұзылмай, ұрпақтан-ұрпаққа өнеге болып келе жатқан отбасына біз де тілекші болып қайттық.

ИНТЕРШУМ:

НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ