ДИКТОР: Ұлттық құрылтай отырысында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды шешімдер қабылданды. Мұнда әлеуметтік және мәдени-гуманитарлық мәселелер ғана қарастырылып қоймай, елдің өркендеуіне әсер ететін негізгі бағыттар айқындалды. Бурабайда өткен кезекті алқалы жиында қоғам қайраткерлері оның билік пен халық арасындағы диалогты нығайтудағы маңыздылығын атап өтуде.

РКС: Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ономастика саласын ретке келтіру мәселесіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, елді мекендер мен көшелерге атау беру кезінде көптеген қателіктерге жол берілген. Ел тарихында айрықша рөл атқарған көрнекті тұлғалардың есімі халық жадында қалуы тиіс. Алайда бұл үрдісті дәлелденбеген тарихи еңбегі бар адамдарды ұлықтау құралына айналдыруға болмайды. Мемлекет басшысы тәуелсіз Қазақстанда жоғары қызмет атқарған кейбір азаматтардың, кеңес дәуірінің қайраткерлерін мадақтауға бейім екенін сынға алды. Әсіресе, ашаршылықты ұйымдастыруға қатысы бар тұлғаларды дәріптеу – тарихи әділетсіздік,-деді ол. Ономастика саласына байланысты айтылған бұл ұсыныстар қоғамда үлкен қолдау табуда.

СНХ: ЕРМЕК НҰҒМАН, ОБЛЫСТЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Көптеген олқылықтар бар екенін, көптеген атаулардың аталып жатқанын, жершілікке салынып кеткенін бар екенін жоқ деп айта алмаймын. Сондықтан бүгінгі күні ономастика мәселелері орталықтандырылып отыр. Барлығын осы жерден дайындап, орталық қарайтын болады. Тарихи деректермен бекітілмеген, тарихи деректер жоқ расталмаған дүниелер болса, ол қаралмайтынын бір жүйеге келтіру керек екенін айтылды. Ал енді тарихи атаулардың қайтарылуы керектігі де айтылды. Мысалға менің көңіліме өте қонымды болды. Өйткені, талай айтып жүрміз, бұрын аттарын өзгерткен кезде бізден ешкім сұраған жоқ қой. Сондықтан тарихи атауларды қайтару жөніндегі Президенттің айтқаны орынды.

РКС: Елімізде ғылымды дамыту мәселесіне де баса назар аударылды. Оның ішінде техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту, жасанды интеллектіні енгізу, ғылым қалашықтарын құру мәселесі де бар. Мемлекет осы саладағы білім беру жүйесін қайта қарап, оны жаңа экономикалық бағыттарға сай бейімдеуге ниетті. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ұстазы Нұртас Ахат бұл бастамалар еліміздің экономикалық әлеуетін арттырып, отандық өндірістің дамуына септігін тигізбек. Ал ғылым қалашықтарын, яғни жаңа ғылыми орталықтар құру - отандық ғылымды дамытудағы маңызды қадам,- дейді.

СНХ: НҰРТАС АХАТ, Ж.МУСИН АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ ҚАЗАҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Жалпы ел Президентінің құрылтайдағы сөзінде өте көптеген бағыттар талқыланды. Соның ішінде Қазақстанның болашағы ғылымында екендігі. Ең негізгі үлкен жаңалық мынау ғылым қалашықтарын ашу. Кезінде кеңес кезінде әлемде бірінші орынға алып шықты ғой. Сондықтан Алматы қаласының маңындағы Курчатов қаласын ғылым қалашығына айналдыру. Бүгінгі нанотехнология, инновация дамыған заманда біз жасанды интеллектінің Қазақстан экономкиасына, қазақ қоғамының, елінің жаңа деңгейге көтеруіне, осы ғылымның үлкен үлес қосатынына үлкен сеніммен қайттық. Себебі, Қазақстан ғалымдарының осы екі қалада жұмыс істеуі оларға үлкен мүмкіншіліктер, материалдық-техникалық жағдай жасауы үлкен алға басушы жобаларды жасауға сенім туындады. Сондықтан 4-ші құрылтайдан түйіп қайтқан ойымыз құрылтайда айтылған көп мәселелердің нақты іске асырылатынына сеніммен қайттық. Бұл біз үшін Қазақстан халқы үшін білім саласы үшін сол салада істеп жатқан адамдар үшін сол жаңа деңгейге көтерілуідің миссиясы мен мақсатының анықталғаны белгілі болып отыр.

РКС: Ұлттық құрылтай – қоғамдағы өзекті мәселелерді ортаға салып, ортақ шешімдер қабылдайтын маңызды алаң. Сондықтан жиында қаралған бастамалар еліміздің алдағы даму бағытын айқындап, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға негіз болмақ.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ДАНИЯР ЖҰМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ