ДИКТОР: Облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысында ауыл азаматтарының өмір сүру сапасын жақсарту мақса¬тында жүзеге асырылып жатқан жобалардың барысы талқыланды. Жобаларды іске асыру аясында кездесіп жатқан қиындық та жоқ емес. Сонымен қатар комиссия отырысында бюджет те нақтыланды. Ауа райының қолайсыздығы кезінде жол қозғалысына шектеу қоюдың барысы да қозғалды. Тілші баяндайды.

РКС: «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру 2019 жылы өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынған еді. Ауылды аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында бұл жұмыс жалғасуда. Жоба ауыл инфрақұрылымын жаңғырту және оны аймақтық стандарттарға жеткізу арқылы даму әлеуеті бар ауылдарды басымдықпен дамытуды көздейді.

СНХ: АЛМАГҮЛ ШҰҒЫРМАҚОВА, ОБЛЫСТЫҚ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ БЮДЖЕТТІК ЖОСПАРЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Ауыл – Ел бесігі» жобасының іске асырылып жатқанына 6 жылдан асып барады. Осы уақыт аралығында 387 жобаны жүзеге асыруға 59,6 миллиард теңге бөлінді. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандары салынып, қайта жаңғыртылды. Сонымен қатар, 330 нысан мен ауылішілік жолдар жөнделді. 1600 жұмыс орны ашылып, 142 ауылдық елдімекенде тұратын 277 мың тұрғынның тұрмыстық жағдайы жақсарды.

РКС: Былтыр 45 жоба бойынша жұмыстар аяқталды. Ал биыл жасалған келісім-шарттар аясында 37 жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Десе де Аршалы, Атбасар, Бурабай, Жақсы, Шортанды аудандарында бір-бір жобадан, Целиноград, Ерейментау, Есіл мен Біржан сал аудандарында екі, ал Бұланды ауданында үш жоба мерзімінен кешіктірілуде. Бюджеттен бөлінген қаражаттың 18,3 млрд.теңгесі игерілді.

СНХ: АЛМАГҮЛ ШҰҒЫРМАҚОВА, ОБЛЫСТЫҚ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ БЮДЖЕТТІК ЖОСПАРЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Игерілмеген қаражаттың жалпы сомасының негізгі үлесі субъективті себептерге, оның ішінде мердігерлердің жұмыстарды уақытылы орындамауына байланыстыболып отыр. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мердігерлердің шарттық міндеттемелерді орындауына бақылауды күшейтулері қажет.

РКС: Сонымен қатар, қазір «Ауыл аманаты» мен «Ауыл-ел бесігі» жобаларын біріктіру мәселесі қарастырылуда. Бірінші кезекте әлеуеті бар ауылдарда аталған жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Мұндай бастама бизнес ортаны дамытуға және ауылды жерлерде нарықтық, көліктік-логистикалық инфрақұрылымды қалыптастыруға ықпал етеді. Сондай-ақ мұндай қадамдар ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсар¬туға, қордаланған өзекті мәселелерін жедел шешуге, ауылдарды көтеруге мүмкіндік береді.

ТОҒЖАН БАЙМЕНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ