ДИКТОР: Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялап, еңбекқор адамдар қоғамның ең беделді мүшелері болуы керек, өйткені олар ел дамуының қозғаушы күші екенін айтты. Ал осы еңбек майданының жарқын өкілдерінің бірі 40 жылдан аса ғұмырын ауыл шаруашылығына арнаған механизатор Александр Фитц.

РКС: Механизатор – ауыл шаруашылығындағы ең маңызды мамандықтың бірі. Бұл жандар таңертеңнен кешке дейін ыстық пен салқынға қарамастан тынымсыз еңбек етеді. Еңбек адамдарының бірі Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының механизаторы Александр Фитц. Жердегі еңбектің қаншалықты маңызды және ауыр екенін ол бір кісідей біледі.

СНХ: АЛЕКСАНДР ФИТЦ, МЕХАНИЗАТОР: Мен бұл кәсіппен 1980 жылдан бері айналысамын. Маған бұл жұмыс ұнайды, осы жылдар аралығында басқа мамандыққа ауысуға тырыспадым. Маған кең далада жұмыс істеген ұнайды. Адал еңбек ету үшін ерінбеу керек. Қазір технология мүлдем басқа, бұрыңғыдай емес, бәрі бар. Жұмыс, әрине, оңай емес. Бірақ жер өңдеп, халықты асырайтын да маман иелері болу керек қой. Қыста мен көктемді күтемін – егін егуім керек, жаз бойы егін жинауды күтемін. Маған жұмысым ұнайды осы мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. Бұл өте құнды жұмыс. Өйткені ас атасы нан.

РКС: Мектепте Александр машина жасау мамандығы бойынша білім алған, жастайынан өз мамандығын таңдап сол бағытта еңбек жолын бастады. Оның қиын да адал еңбегі шынайы алғысқа лайық, әлі бүгінгі жастарға үлгі. Әріптестері оны адал, еңбекқор адам ретінде бағалайды.

СНХ: ДАРХАН ӘБІЛДИН, БАС ИНЖЕНЕР: Мен Александрмен 2023 жылдан бері жұмыс істеймін. Жұмыстың алғашқы күндерінен-ақ көзге түсті. Өйткені техникаларға ол өте мұқият, жауапкершілікпен қарайды. Жөндеу және техникалық қызмет көрсету жұмыстарын уақытында орындайды. Қазір механизаторлар тракторлардың жаңа функцияларын жетік меңгерген. Александр өте жауапты маман.

РКС: Александр жұбайымен 3 бала өсіріп, бірнеше немере сүйіп отыр. Оның ауылдан кететін ойы жоқ. Ол үшін механизатор болу жай жұмыс емес, шынайы өмір. Осындай еңбек адамдары елді азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, өзгелерге еңбектің құндылығын, маңыздылығын ұғындырады.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ