ДИКТОР: Тәуелсіздік таңымен бірге шетелге тарыдай шашылған қандастарымыз тарихи Отанына оралуды армандады. Ұлы көшті 1991 жылдың наурызында «Еңбек шарты» деген айдармен Моңғолиядағы қандастар бастады. 1993 жылдың соңында Қазақтардың дүниежүзілік қауымдастығының тұсаукесер салтанаты өтті. Сол жылдың өзінде-ақ Қазақстанға Монғолиядан, Түркиядан, Ираннан және ТМД елдерінен 7,5 мың қазақ отбасы көшіп келді. Елімізден тысқары жерлерде 4 миллионнан астам этникалық қазақ тұрады. Шетелде тұрып жатқан барлық қазақтың тарихи Отанына оралуға құқығы бар. Әсіресе, Өзбекстан, Түркменстан, Қытай мен Монғолияда тұратын қазақ диаспорасы елге оралды. Қазақтардың тарихи Отанына оралуы Қазақстанның көші-қон саясатының басым бағытының бірі.

РКС: Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдың шілдесінен бастап этникалық қазақтарға «Ата жолы» картасы енгізілді. Ол не үшін қажет? Шетелде тұратын қандастарымыздың елімізге кіріп-шығу мәселесін жетңілдетуді қарастырады. Осы уақыт аралығында өзге елдің азаматтығы бар этникалық қазақтарға 65 карта берілген. 10 жылға жарамды. Ол Қазақстанда тұрып, еңбек етуге құқық береді. 27 карта иегері өз ісін елімізде жалғастыруға ниет еткен бизнес-иммигрант. Ал Қазақстанда сұранысқа ие мамандық иелеріне 38 карта берілген.

СНХ: ШОЛПАН РАХМАТУЛЛИНА, ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРДЫ ҮЙЛЕСТІРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Ата жолы» картасы бойынша өткен жылы Қытай Халық Республикасынан Қосшы қаласына Қахан Мамила қонақ үй салу мақсатында кәсіпкер болып «Ата Жолы» картасын алды. Ережеге сәйкес «Ата жолы» картасы үш санаттағы шетелде тұратын этникалық қазақтар үшін беріледі. Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдаудың оңайлатылған тәртібі белгіленетін адамдар үшін кәсіптердің болуы. Үміткердің Қазақстанда талап етілетін кәсіптерге ие болуы. Азаматтығы бар елде тіркелген жұмыс істеп тұрған бизнестің болуы. «Ата жолы» картасын ұсынуға өтінішті «Құтты мекен» мобильді қосымшасы немесе migration.enbek.kz көші-қон ресурстары порталы арқылы беруге болады.

РКС: «Ата жолы» картасы бар этникалық қазақ өзге елдің азаматы бола тұра Қазақстан азаматтарымен және қандастармен бірдей құқыққа ие. Бірақ, осындай картасы бар тұлға Қазақстан Республикасының Парламентіне, мәслихаттарына сайлана алмайды, сайлауға, республикалық референдумдарға да қатысуға құқығы жоқ. Мемлекеттік қызметке де кіре алмайды. Егер ол Қазақстан азаматтығын алса, онда «Ата жолы» картасы жарамсыз деп танылады.

СНХ:ҚОЙШЫ КОМОНОС, ҚАНДАС: Қазақстан еліне, өзіміздің туған Қазақстан жеріне 23 жылы қазанның 10-да келгенбіз. Келгелі 1 жылдан астам болып қалды.Осы 1 жылдың ішінде мемлекет тарапынан берген көмегіне ризамыз. Квотасын алдық, басымызға үй алдық. Осы немерелерімізбен, 1 үйде 5 жан тұрамыз. Немерем әлі кішкене. Екі балам жұмыста. Өзіміз зейнеткерміз. Зейнеткерлігімізді қазіргі жағдайда Монғолиядан алып тұрмыз. Өз еліме, жеріме көптен-көп рахметімді айтқалы отырмын.

РКС: Былтыр Ақмола облысы бойынша 853 отбасына қандас мәртебесі берілді. Соның 554-і Қытайдан қоныс аударған. Ал өңірлік квотаға келсек, өткен жылы 535 қандас қабылданды. Қандастарға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау да зор.

СНХ: ШОЛПАН РАХМАТУЛЛИНА, ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРДЫ ҮЙЛЕСТІРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Көшуге субсидиялар 510 қандасқа немесе 176 отбасына-133 млн теңге көлемінде төленді.Тұрғын үй жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеу 8 млн теңге сомасына 20 отбасына төленді. Экономикалық ұтқырлық сертификатына 390 млн теңгеге 121 отбасыға төленді.

РКС: Биыл жоспар бойынша 285 адамға қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы бөлініп отыр. Олардың көшіп-қонуына 32 миллион теңге субсидия қарастырылған. Бастапқыда 30 отбасына тұрғын үй жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеуге 15,7 млн теңге бөлу көзделіп отыр. 76 адамға экономикалық ұтқырлық сертификаты берілмек. Оған 360 миллион теңге бағытталған.

НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ