ДИКТОР: Көкшетауда талантты суретшілер Лейла Ахмет-Осман мен Виктор Кубриннің шығармашылығына арналған көрменің ресми ашылуы өтті. Іс-шара аймақтың түкпір-түкпірінен келген өнер сүйер қауымның басын қосты. Салтанат сарайының кең залында шабыт пен шығармашылық атмосферасы орнады. Өнер көрмесінен тілшіміз баяндайды.

РКС: Экспозицияға қазақстандық-америкалық суретші Лейла Ахмет-Османның суреттері қойылды. Автор Қазақстан Суретшілер Одағының, сондай-ақ 2010 жылдан бастап АҚШ дизайнерлер одағының мүшесі. Шебердің жұмыстары Қазақстан, АҚШ, Германия, Италия, Корея, Ресей және Түркияның беделді өнер орталықтарында көрініс тапқан.

СНХ: ЛЕЙЛА АХМЕТ-ОСМАН, АҚШ ДИЗАЙНЕРЛЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ, СУРЕТШІ: Бүгін Көкшетауда көрмеге алғаш рет өзімнің картиналарымды қойып отырмын. Бұл өңірді ерекше жақсы көремін, сондықтан бұл кездесу мен үшін маңызды әрі өте құнды. Мынадай зәулім ғимаратта өз жұмыстарымды көрермен назарына ұсынып отырмын. Бұл жерде әр кезеңдегі жұмыстар қойылған. Алғашқы кезең – символика, символизм мен концептуалды өнер. Екінші кезең - фигуративизм. Үшінші кезеңде деканас стиліндегі абстракция қойылған. Барлық жұмысты өзім орындағам. Ешқандай машинаның, жасанды интеллектің көмегінсіз.

РКС: Виктор Кубрин – көкшетаулық қылқалам шебері. Ғұмырының 20 жылын осы өнерге арнаған жан. Оның қиялынан туған шығармалар талай көрмеде өз бағасын алды. Бүгінгі шараға келген қауым қылқалам шеберлерімен бетпе-бет жүздесіп, өнер саласына қатысты біраз мағлұмат алды.

СНХ: ВИКТОР КУБРИН, ҚР СУРЕТШІЛЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ: Менің әріптесім Лейла өте керемет жан. Аспандағы шоқжұлдызға теңер едім. Қазақстан атты шаңырақтың астында бейбітшілік, өзара түсіністік пен келісім салтанат құрған. Дүйім жұртқа осыны көрсеткіміз келді. Осы көрмені аталған жобаның қатысушыларымен бірге өзге қалаларға да көрсетсек дейміз.

СНХ: ОЛЬГА ГОНЧАРОВА, КӨРМЕГЕ КЕЛУШІ: Құрбым екеуміз интернеттен осындай көрме болатынын білдік. Мұндай шаралардан қалмауға тырысамыз. Бұған дейін шығармашылық шараларға көбірек баратынмын. Мынадай кешке алғаш келуім. Көрмеге қойылған шығармалардан керемет ләззат алдым. Жанды дүниелер сияқты болып көрінді.

РКС: Шара әр кезеңнің өкілін ғана емес, сонымен бірге мәдени салт-дәстүрді де біріктірді деуге болады. Айта кетейік, көрме үш күнге созылады. Сондықтан қылқалам өнерін тамашалауға ниет еткендерге есік ашық.

АДАЙ БОТАБАЙ, АРАЙЛЫМ ШЫТЫРЫМБЕК, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ