ДИКТОР: Ақмола облысында жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 20 дерек тіркелді. Ал былтыр 168 қылмыс анықталған. Оның 118-і жаңадан енгізілген қылмыстық баптарға қатысты. Өткен жылы мемлекет басшысының тапсырмасымен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жаза қатаңдатылған еді.

СНХ: ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТАН ЖӘБІРЛЕНУШІ: Мен қазір «Шанс» орталығында тұрып жатырмын. Қиын жағдайға түсіп, осы дағдарыс орталығына көмекке жүгіндім. Мұнда барлық жағдай жасалған. Тамақтандыру, заңгерлік, әлеуметтік көмек - барлығы тегін. Менің бір балам бар. Орталық мамандары оны мектепке орналастыруға жәрдемдесті.

РКС: Ақмола облысы бойынша «Шанс» кәмелетке жасы толмағандарды әлеуметтік-психологиялық, құқықтық қолдау орталығы жұмыс істейді. Дағдарыс орталығы өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар мен әйелдерге әлеуметтік көмек көрсетеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін отбасын қолдау орталықтарын құру және олардың жұмысына қатысты мәселелер заңнамалық тұрғыдан бекітілген.

СНХ:КӨГЕРШІН СЕЙІТҚАЖИНА, «ШАНС» ДАҒДАРЫС ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ПСИХОЛОГЫ: «Шанс» орталығында қызметтер кешені көрсетіледі, яғни бізде заңгер, психолог, медицина мен әлеуметтік қызметкерлер бар. Орталықта тұру уақыты - жарты жыл. 6 ай ішінде орталық мамандары әйелдерді әлеуметтендіруге және бейімдеуге тырысады. Қазір бізде бес әйел, он сегіз бала бар. Өткен жылдың басынан бері 18 әйел мен 60-қа жуық бала болды.

РКС: «Шанс» дағдарыс орталығы мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен тығыз жұмыс істейді. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған жандар үшін адам құқықтары жөніндегі уәкіл көмек көрсетеді.

СНХ: ГҮЛНӘР ЖАНБЕКОВА, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛІ: 2022 жылдан бастап барлық өңірде адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілдері тағайындалды. Біз адам құқықтарын қорғау бойынша мониторинг жүргіземіз, бұзушылықтар туралы ақпарат жинаймыз. Тек бұзушылықтарды анықтап қана қоймай, медиация мен келіссөздер арқылы туындаған мәселелерді жедел шешуге тырысамыз. Сондай-ақ, азаматтардың өтініштерін қарастырамыз. Адам бостандығы мен құқықтары бұзылуы жағдайы анықталған кезде мемлекеттік органға 15 күн ішінде қаралатын анықталған бұзушылықтарды жою бойынша ұсынымдар жібереміз.

СНХ: АЛЬБИНА ДӘУЕНОВА, ОБЛЫСТЫҚ ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ: 2024 жылы 16 маусымда Президенттің Жарлығымен ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру сияқты әкімшілік баптар қылмыстық заңнамаға ауыстырылды. Сондай-ақ, жыл басынан бері ішкі істер министрінің бұйрығымен отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған бөлім құрылды. Бөлімнің басты ерекшелігі отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл саласындағы проблемаларды жоюға бағытталған. Алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері отбасы шырқын бұзған 5 мыңнан аса адамды бақылауға алды, 3800-ден аса қорғаныс ұйғарымдары шығарылды, мінез-құлыққа қатысты 1200-ден аса ерекше талап белгіленді.

РКС: Айта кетейік, жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша ұрып-соғу және денсаулыққа зақым келтірудің 20 дерегі тіркелді. Есепке 600-ден астам адам қойылды.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ