ДИКТОР: 2025 жыл Қазақстанда жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды. Бұл еңбек адамын қолдаудағы маңызды қадам ретінде және қоғамға қосқан үлесін құрметтеуге бағытталған. Өңірде жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға және олардың еңбек жағдайларын жақсартуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Биыл облыстық кәсіподақтар орталығы 2020-2025 жылдарға арналған стратегияны қорытындылайды.
РКС: Бүгінде өңірде 1245 бастауыш кәсіподақ ұйымы мен 10 ірі бірлестікті біріктіретін 11 салалық және жергілікті кәсіподақ жұмысын атқаруда. Ондағы кәсіпорындар мен ұйымдар қызметкерлерінің саны 75 мыңға жуық.
СНХ: ҚАЛИ РАХМЕТОВ, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПОДАҚТАР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: 2020-2024 жылдар аралығында бастауыш кәсіподақ ұйымдарының саны 23% процентке өсті. Яғни, жаңадан 227 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды. Кәсіподақтар саны 47 процентке артты. Сандық тұрғыдан алғанда-23559 адам. 5 жыл ішінде Ақмола облысы кәсіподақ қозғалысының саны 50 процентке өсті.
РКС: Соңғы бес жылда өңірлік үш жақты комиссияның 50-ден астам отырысы өтті. Онда 130-ға жуық маңызды мәселе қаралды. Бұл қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ өңір кәсіпорындарындағы еңбек жағдайларын жақсартуға мүмкіндік жасап отыр.
СНХ: ҚАЛИ РАХМЕТОВ, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПОДАҚТАР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Кәсіподақтар федерациясының өткен жылғы 1 наурыздағы табанды бастамасының нәтижесінде республикалық үшжақты комиссияның отырысында ең төменгі жалақы мөлшерін анықтау әдістемесінің жобасы мақұлданды. Ерекше еңбек жағдайлары үшін былтырғы жылдың шілдесінен бастап орман шаруашылығы қызметкерлерінің лауазымдық жалақысы 100 пайыз мөлшерінде өсті. Қаншама жылда алғаш рет кәсіподақтар 55 жасқа толған зиянды еңбек жағдайлары бар кәсіпорындардың қызметкерлері үшін арнайы әлеуметтік төлем енгізуге қол жеткізді.
РКС: Жалпы, соңғы бес жылда өндірістегі жазатайым оқиғалардың саны 5 процентке қысқарды. Кәсіподақ ұйымы жұмыс істейтін кәсіпорындарда 40 процентке дейін төмендеу байқалады. Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында өндірістік 912 кеңес жұмыс істейді. Еңбекті қорғау нормаларының сақталуын бақылауды 1 мыңнан астам техникалық инспектор жүзеге асырады.
ЖАНДОС МҰРАТБЕКОВ, АРАЙЛЫМ ШЫТЫРЫМБЕК, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ