ДИКТОР: Көкшетаудағы жоғары техникалық колледжінде электромобильдерге қызмет көрсететін оқу-тренинг орталығының жұмыс істеп жатқанына екінші жыл. Бұл жерде студенттер теориялық білімін тәжірибе арқылы ұштастыра алады.

ИНТЕРШУМ: Мына жерде электромобильдің оқу стенді орналасқан. Электромобиль кәдімгі автомобильден айырмашылығы онша қатты болмайды.

РКС: Бірегей жоба оқу орны мен Оңтүстік Кореяның Вуссонг университеті арасындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумның арқасында жүзеге асырылуда. Оқыту орталығына қажетті электромобиль мен басқа да қажетті құрал-жабдықтың бәрін унверситет қамтамасыз еткен. Студенттер осы жерде алған тәжірибесін шаһардағы дилерлік орталықта да сынап жүр. Жуырда электромобильдің ақауын тексертуге оқыту-тренинг орталығына алғашқы тапсырыс та түскен.

СНХ: АЙДАР КАТРАНОВ, ӨНДІРІСТІК ОҚЫТУ ШЕБЕРІ: Бұл бізде Айоник бесінші. Көкшетауда электромобильге деген сұраныс бар. Бұл автокөлік бізге жалпы тексеріске келген болатын автосалоннан. Оны жаз айларында бір тұтынушы сатып алған. Кейіннен осы электромобильде бір ақау пайда болды. Дилер бізге тексеріске алып келді. Біз оған тексеріс жасап, диагностика арнайы планшет арқылы. Сол ақауды таптық.

РКС: Қазір Ақмола облысы бойынша тоқпен жүретін 40-қа жуық көлік тіркелген. Ал ол істен шығып қалған жағдайда жөндейтін маман жоқтың қасы. Сондықтан колледж студенттері қазір орталықтағы нағыз электромобильдің әр бөлшегін зерделеуде. Бұл жерде олар алдымен қызмет көрсетудің теориясын үйренеді. Кейін өздері оны іске қосып, диагностикадан өткізеді.

СНХ: ТЕМІРЛАН ӘБЕУОВ, СТУДЕНТ: Электромобильге деген қызығушылығым бұл көліктер енді шыға бастаған сәтте пайда болды десе өтірік емес. Заман ағымы бір орында тұрмайды. Үнемі қозғалыс, әр кезең сайын жаңа дүниелер пайда болып жатыр. Тоқпен жүретін көліктер соның айқын дәлелі деп айтар едім. Болашақта жанар-жағар маймен жүретін көліктердің орнын электромобиль ауыстырады.

РКС: Жастардың қашан да жаңаға жаны құмар. Бір жыл ішінде тоқпен жүретін көліктің қыр-сырын, барлық бөлшегін толық танып алды. Диагностикалау орталығында қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Электромобильдің өзіндік ерекшелігі де жоқ емес. Мысалы, кәдімгі автокөлікті жөндеу кезінде механикалық білім қажет болса, тоқпен жүретін машинаның ақауын білу үшін электрониканы жақсы меңгеру керек. Айта кетейік, оқыту-тренинг орталығында болашақ автоэлектриктермен қатар ІТ-технологиялар және бақылау-өлшеу аспаптарының мамандары да электромобильді жөндеудің құпиясын меңгеріп жатыр.

ГҮЛНӘР БЕКЕНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ