ДИКТОР: Мемлекеттік тіл ˗ ел бірлігінің кепілі. Бүгінде этностар арасында қазақ тілін насихаттауға өзіндік үлесін қосуда. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мен тіл үйренуге деген ықыласы бар жандардың басын қосып, «Сөйле» клубын ашқан тревел-блогер Яков Федоров Көкшетау қаласына келіп, тыңдаушылармен кездесті.
РКС: Ана тілімізге құрметпен қарайтын ынтасы зор жандардың бірі - Яков Федоров. Ол осыдан 2 жыл бұрын құрылған «Сөйле» клубының негізін қалаушылардың бірі. «Сөйле» клубы мемлекеттік тілді тегін меңгеруге арналған танымал жоба. Мұнда қатысушылар қазақ тілін тек теориялық сабақ ғана арқылы емес, сондай-ақ жаңа заманауи әдіс-тәсілдермен практикалық деңгейде меңгереді. Тілдесу клубы «Аманат» партиясының және «Жастар рухы» жастар қанатының «Менің елім – менің тілім» жобасы аясында құрылған. Еліміз бойынша 12 аймақта жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында 5 мыңнан астам тыңдаушы курстан өткен.
СНХ: ЯКОВ ФЕДОРОВ, «СӨЙЛЕ» КЛУБЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ: Қазір Көкшетауда шамамен 30 оқушы бар. Негізі адамдар бірінші күндерден бері бізбен бірге. Өйткені тренеріміз Көкшетауда Қазақстанда ең жақсы, тәжірибелі тренерлердің бірі. Оның аты Алена. Біздің мақсатымыз тек қазақ тілін үйрету емес, менің ойымша әр оқушы тек ғана тілін емес, ол қазақ мәдениетін білу керек.
РКС: Надежда Грошикова Көкшетау қаласындағы «Сөйле» тілдесу клубының алғашқы тыңдаушыларының бірі. Ол қазақ тілінде емін-еркін сөйлеп, ойын ашық жеткізгісі келеді.
СНХ: НАДЕЖДА ГРОШИКОВА, ТЫҢДАУШЫ: Мен қазақ тілін 3 жыл бойы үйреніп жүрмін. Неге? Біріншіден, мен Қазақстанда тұрамын және осында өмір сүргім келеді. Екіншіден мен патриотпын. Мен өз Отаным Қазақстанды өте жақсы көремін. Үшіншіден, тіл маған мәдениет пен дәстүрді жақсырақ үйренуге көмектеседі.
РКС: Бүгінде қала бойынша тілді меңгеріп жатқандардың саны 30-дан астам. Алдағы уақытта тіл үйренушілердің саны бұдан да артады деген үміттеміз, – дейді Яков Федоров. Тіл үйренуге ниет білдіргендердің жас мөлшеріне шектеу жоқ. Мәселен, қазір қазақ тілін үйреніп жатқандардың арасында ең кішкентай тыңдаушының жасы 7-де. Сондай-ақ зейнеткерлер мен орта буын өкілдері де бар.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ