ДИКТОР: Аршалы ауданында көктемгі су тасқынына дайындық қыза түскен. Қазір Жібек Жолы ауылында 3 шағын ауданда бөгет қоршауының құрылысы жүріп жатыр. Оның ұзындығы 6 шақырым. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жұмыс сапары барысында құрылыстың барысын тексерді.
РКС: Су басу қаупі басым аймақта 450-ге жуық тұрғын үй мен 1400-дей жер телімі бар. Жұмыстар өткен жылдың қазан айында басталды. Қазір 63 техника жұмылдырылған. Қорғаныш құрылысының биіктігі 2-ден 5,3 метрге дейін жетеді.
СНХ: ӘНУАР ЖАҚСЫМБЕТОВ, БӨГЕТ ҚҰРЫЛЫСЫ УЧАСКЕСІНІҢ БАСТЫҒЫ: Қазіргі уақытта аумақ тазартылып, дайындық жұмыстары жүргізілді. Жұмыстың 63 проценті орындалды. 353 мың текше метр топырақ әкеліп, қабат-қабат топырақ төселді. Бұл жұмыс әлі де жалғасуда.
РКС: Бөгет құрылысының жобасы "Демеу Қазақстан қорының" қаражаты есебінен жүзеге асырылуда. Оны салу үшін 2 млрд. 200 млн. теңге бөлінді. Өңір басшысы Марат Ахметжанов құрылыс барысы қатаң бақылауда екенін ескертті. Жұмыс аяқталғаннан кейін бөлінген әрбір теңге тексерілетінін айтты.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Өткен жылдың көктемгі су тасқыны кезінде дәл осы жерлер өте осал болды. Жібек Жолы ауылын табиғи апаттан аман алып қалу үшін қанша күш пен қаражат жұмсадық. Қап-қап инертті материал қойылды. Мұнда әскерилер де, ұлттық Ұлан, арнайы бөлімшелер де күндіз-түні жұмыс істеді.
РКС: Бөгетте автокөлік қозғалысы мен малдың өтуіне арналған үш өткел болады. Құрылыс-монтаждау жұмыстары қазан айында аяқталады деп жоспарланып отыр. Бірінші кезең-бөгет пен өткелдердің жалпы сұлбасы су тасқыны кезеңі басталғанға дейін аяқталады.
АДАЙ БОТАБАЙ, ҚАЙЫРБЕК ТӨЛЕГЕНОВ, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ