ДИКТОР: Көкшетаудағы Ұлттық Ұланның 5510 әскери бөлімі 400-ге жуық сарбазмен толықты. Отан алдындағы борышын өтеуге келген жігіттер әскери ант берді. Жауынгерлер алдымен бір ай бойы оқу-жаттығудан өтті. Енді олар сап түзеп, ел тыныштығын күзетпек. Әріптесім Лаура Дәулетбек баяндайды.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Хасан Аманжолов – шырайлы Шымкенттің тумасы. Отан алдындағы борышын өтеу үшін өз еркімен әскери комиссариатқа келіп, одан соң осы жаққа жіберілген. Алғашқы 40 күн бейімделудің маңызды кезеңінен өтіп, командалық құраммен және сарбаздармен танысып, ішкі тәртіпке үйренді. Әскери ант беру сәтін тағатсыздана күтті.

СНХ: ХАСАН АМАНЖОЛОВ, САРБАЗ: Мен әскерге келмей жатып мінез-құлқым тым басқа еді. Осы 40 күннің ішінде көп нәрсені үйрендім. Осындағы командирлерім мен сержант взводтарына алғысым шексіз! Құдай қаласа 1 жылдың ішінде борышымды абыроймен өтеуге бұйырсын.

РКС: Бұл шара бауыр еті баласын әскерге жіберген ата-ана үшін де маңызды. Отан алдында адал қызмет етуге берген антын көруге келген жауынгерлердің жақындары көздеріне жас алып, ерекше сезімде тұрды. Соның бірі қатардағы жауынгер Темірлан Жанұзақтың анасы Әсел Ерғалиева. Ол 1,5 мыңнан астам шақырымды артқа тастап, Алматыдан ұлының маңызды сәтінде қолдау білдіруге арнайы келді.

СНХ: ӘСЕЛ ЕРҒАЛИЕВА, САРБАЗДЫҢ АНАСЫ (АЛМАТЫ Қ.): Өте қуанышты, ерекше күн. Ұлым Жанұзақов Темірлан өз әскери борышын абыроймен атқарып, аман-есен үйге оралуына тілектеспін. Жақсылықпен, амандықпен кездесейік. Еліміз тыныш, аспанымыз ашық болсын!

РКС: Әскери ант - Отан алдында борышын өтеуге келген әр сарбаз үшін қастерлі. Себебі, ол – ең алдымен еліне деген адалдық. Сондықтан да бұл шараға ерекше екпін беріледі. Ант беру рәсімі салтанатты түрде ұйымдастырылады. Ондағы мақсат – сарбаздардың жауапкершілікті, Отан алдындағы азаматтық парызын сезінуін ұғындыру.

СНХ: ДУМАН КАРИБАЕВ, 5510 ӘСКЕРИ БӨЛІМІ ТӘРБИЕ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК-ҚҰҚЫҚТЫҚ БӨЛІМШЕСІ БАСТЫҒЫНЫҢ АҒА КӨМЕКШІСІ: 5510 Жаңадан қатарға қосылған сарбаздар 40 күн бойы алғашқы әскери дайындықтың қыр-сырын меңгерді. Олардың ерік-жігеріне қарап, еліміздің ертеңіне еш алаңдауға негіз жоқ екенін байқайсың. Сарбаздарға зор үміт артамыз. Отан алдындағы қасиетті борышын адал, абыроймен атқарады деп сенеміз.

РКС: Айта кетейік, күзгі шақырылымға Көкшетауда орналасқан Ұлттық Ұланның 5510-шы әскери бөліміне еліміздің 10 өңірінен 400-ге жуық сарбаз борышын өтеуге келді.

ИНТЕРШУМ:

ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ