ДИКТОР: Елімізде бала құқығы және жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды қажетті қолдаумен қамтамасыз ету бағытында Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Аталған заң аясында биыл бірнеше маңызды қадам жасалды.
РКС: Бала қашан да ерекше қорғау мен қамқорлыққа мұқтаж. Биыл Қазақстан Республикасында кейбір заң актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Әсіресе балалар мен әйелдердің құқығын қорғау мәселесі өзекті. Еліміз бойынша әр өңірде отбасын қолдау орталықтарын ашу мәселесі көтеріліп отыр.
СНХ: МЕРУЕРТ ЖАНБОТИНОВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: Ақмола облысында әлеуметтік қорғау басқармасы осындай 7 орталық ашты. Сонымен қатар, 111 колл-орталығының жұмысы қайта жанданды. Олар құқықтық психологиялық көмек көрсетумен қатар, әр жағдайға байланысты сол өңірдің арнайы ұйымдарына мәселені реттеу үшін бағыттайды.
РКС: Балалар қауіпсіздігімен қатар әйелдер құқықтарын қамтамасыз етуге қатысты енгізілген өзгертулердің қатарында тәулік бойы көмек көрсететін «111» байланыс орталығының қызметі. Сондай-ақ балалардың құқықтары бойынша өңірлік тәлімгерлер институтын құру туралы жаңашылдықты айтуға болады. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тәлімгерлердің жеке қолдауына жүгіне алады. Бұл жоба қазір облыс аумағында жүзеге асырылуда.
СНХ: МЕРУЕРТ ЖАНБОТИНОВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: Өткен жылдың желтоқсанында енгізілген үшінші заңнамаға қатысты айтсақ, кәсіби асырап алушы отбасын құру. Мұндай жаңа формадағы отбасыларға жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, панасыз, қараусыз қалған балғындар, сондай-ақ қатыгездікке бой алдырған жеткіншектер жіберіледі. Дәл осы жерде бір отбасынан шыққан 4 балаға дейін орналастыру мүмкіндігі бар. Қамқоршылық органында 5 мың балаға кемінде бір маман болады. Бұл да Қазақстан Республикасында алғаш рет енгізіліп отырған өзгеріс. Осылайша олардың жұмысының тиімділігін арттыру көзделіп отыр.
РКС: Өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік қасиетке баулу, тәрбиелеу – барлық кезеңде өзекті. Осы мақсатта Ұлттық құрылтайдың отырысында Мемлекет басшысы білім беру саласына қатысты бірқатар негізгі міндеттерге тоқталған еді. «Ұлттық тәрбие – ел болашағы» тәрбиесінің тұжырымдамалық негіздері енгізіліп, былтырғы оқу жылынан бастап 2023-2025 жылдарға арналған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы іске асырылуда. Бұл құжат жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу сапасын арттыруға бағытталған.
СНХ: АЙНАШ ГАЛИМОВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ ҚАМҚОРШЫЛЫҚ, ҚОРҒАНШЫЛЫҚ ЖӘНЕ ТӘРБИЕ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Бұл бағдарлама мектепке дейінгі білім беру ұйымдарынан бастап, мектептерде және кәсіптік-техникалық оқыту ұйымдарында да іске асырылады. Әр ай сайын оқушылармен өткізілетін негізгі іс-шаралар айқындалды. Сынып сағаттары аясында осы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында қауіпсіздік сабақтарын өткізу қарастырылған. Сонымен қатар, барлық негізгі білім беру ұйымдарынан басқа, тәрбие процесінің шеңберінде құқық бұзушылықтың алдын алу, оқушылар арасындағы қауіпсіздік мәселелері бойынша алдын алу шаралары жүргізілуде. Бағдарлама өз тиімділігін көрсетуде.
РКС: Мемлекет қазіргі заман ағымына сай, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуді басты мақсат етіп отыр. Отанымыздың ертеңі де, өркені де – өскелең ұрпақ. Сондықтан бүгінгі қоғам мүддесіне сай, жан-жақты жарасымды тұлғаны қалыптастыру маңызды.
ТОҒЖАН БАЙМЕНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ