ДИКТОР: Өңірде су тасқыны кезеңіне дайындық қыза түсті. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Жабай, Колутон және Шағалалы өзендерінің түбі мен жағалаулары нығайтылмақ. Облыс әкімі Марат Ахметжанов Зеренді ауданында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысып, құрылыс қарқынын бағалады. Сондай-ақ, жұмыс сапары барысында өңір басшысы Шағалалы жоғары агротехникалық колледжіне барды. Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.
РКС: Шағалалы өзенінің түбін 6 метрге дейін тереңдету жоспарланып отыр. Суды бұру үшін үш құдық жасақталады. Олардың жалпы көлемі шамамен 500 мың текше метр болмақ. Қазір 150 мың текше метрден астам топырақ пен құнарлы өсімдік қабаты қазылды. Жұмыс екі ауысымда атқарылып жатыр.
СНХ: НҰРЖАН ДҮЙСЕНОВ, МЕРДІГЕР ҰЙЫМНЫҢ ӨКІЛІ: Жұмысқа 10 самосвал, 4 экскаватор, 1 бульдозер және 3 тиегіш жұмылдырылған. Құдықтар қазылып жатыр. Бұл ең алдымен тұрғындардың суды жыл бойы пайдалануы үшін жасалып жатыр. Әрі су тасқынына қарсы жүргізіліп отырған шаралар. Сондай-ақ, осы құдықтардың жағалауларын нығайтуға қатысты жұмыстар жүргізіліп жатыр.
РКС: Құдықтарды ретке келтіру жұмыстарын наурыз айына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Облыс әкімі жұмысты уақытылы әрі сапалы істеудің маңыздылығын атап өтті. Мердігер көктемгі су тасқыны кезінде су айдындарында құрылыс техникасы жұмыс істейтінін жеткізді. Бұдан соң аймақ басшысы Шағалалы жоғары агротехникалық колледжінің тыныс-тіршілігімен танысты. Мұнда 500-ге жуық студент білім алып жатыр. 10 жұмысшы мамандығы бойынша кадр даярланады. Соның ішінде өңірде сұранысқа ие – агрономдар да бар. Қазір студенттер колледждің қысқы жылыжайында жұмыс істеп жатыр. Жазғы уақытта танап басында тәжірибеден өтеді.
СНХ: ДИАС МАРАЛ, СТУДЕНТ: Неге агроном? Өйткені өзім ауылда өскен. Сол үшін ауыл шаруашылығын дамытқым келеді. Сол ауылды болашақта көтергім келеді. Және де ауыл шаруышылығында, егін шаруашылығында барлық жағдай істегім келеді. Бірінші курстан бері мен талпынып жүрім. Бірінші курста барлық балалар практикаға жіберді бір айға. Көрсін деп. Сол практиканы өткенім маған жақсы әсер етті.
РКС: Колледж студенттері ыстық тамақпен және жатақханада орынмен қамтамасыз етілген. Облыс әкімі Марат Ахметжанов болашақ мамандардың практикалық дағдыларын шыңдайтын зертханаға да барды. Ол жерде білім алушылармен сөйлесіп, олардың алдағы мансаптық жоспарлары туралы сұрады.
СНХ: РУСЛАН ДЫНЬКОВ, СТУДЕНТ: Мен техник-механик мамандығы бойынша оқып жатырмын. Оқуды бітірген соң өзімнің туған жерім Жақсы ауылына оралып, мамандығым бойынша агрофирмада механик болып жұмыс істеймін. Қазіргі уақытта бұл сұранысқа ие мамандық. Заманауи техникаларды меңгерген мамандар қажет.
РКС: Колледж басшылығы түлектерді жұмыспен қамту көрсеткішінің жоғары екенін атап өтті. Марат Ахметжанов қажет болған жағдайда көмек көрсетілетінін айтты.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ